«Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық қазіргі таңда бауырлас елдеріміз басшыларының арқасында белсенді түрде дамып келеді. Түркия Қазақстанның Тәуелсіздігін таныған тұңғыш мемлекет. Алғашқылардың бірі болып, Қарулы Күштерді дамытудың әртүрлі аспектілері бойынша өз тәжірибелерін бөлісуге әзірлігін білдірген болатын», — деп атап өтті ҚР Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков.
Кәсібилендіру бүгінде Қазақстан әскері үшін өзекті бағыттардың бірі болып табылады. Осы бағытта Қазақстан әскери ведомствосы түрік әскерінің іріктеу жүйесін дамыту, шақыру, әскери персоналды есепке алу мен бағалау тәжірибесін зерделеуге мүдделі.
Әскери білім мен ғылым қазақ-түрік әскери ынтымақтастығының маңызды бағыты болып табылады. ҚР Қорғаныс министрлігі Түркия әскери оқу орындарында қазақстандық әскери қызметшілер үшін оқыту квотасын арттыруға, сондай-ақ Қазақстанның Ұлттық қорғаныс университетінде дәріс оқу үшін профессорлық-оқытушылар құрамын шақыруға мүдделі.
«Еліміздің әскери мекемесін жетілдірудің маңызды бөлігі білікті және дайындалған мамандар болып табылады», — деп атап өтті Әділбек Жақсыбеков.
Тараптар осыған дейін Анкарада өткен кездесу екіжақты өзара іс-қимылдың бағыттарын нақтылап, болашақтағы басымдықтарды неғұрлым айқындап бергенін атап өтті.
Бүгін Әділбек Жақсыбеков пен Исмет Йылмаз екі жақты ынтымақтастық, оның ішінде әскери-техникалық өзара іс-қимыл саласындағы бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.
Әділбек Жақсыбеков Түрік Республикасының Ұлттық қорғаныс министрі Исмет Йылмазға Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсібі саласын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, Түркия Қазақстан үшін халықаралық әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықта сенімді әріптестер қатарында қала беретінін жеткізді.