ҚР Ақпарат министрлігі тарапынан «Өңірлердегі волонтерлік бастамаларды қолдауға арналған «Jańa bastama» жобаларын іске асыру» аясында 226 238 392 теңге және 24 075 892 теңге көліміндегі қомақты қаржы Қазақстан мен Ресейдің волонтерлік ұйымдары көшбасшыларының қатысуымен волонтерлік кеңестің отырыстарын өткізуге бөлінген.
Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы Stan.kz-ке сілтеме жасайды.
Аталған жобаларға республикалық бюджеттен қаржы бөлінген және де бұл бастама елдегі волонтерлікті дамытуға бағытталады, дейді министрлік.
"Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ҚР Президентінің 2019 жылғы 26 тамыздағы №135 «Волонтер жылын жариялау туралы» Жарлығына және ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 16 қаңтардағы №3 «Волонтер жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» Қаулысымен бекітілген Волонтер жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарының 5-ші «Қазақстан мен Ресейдің волонтерлік ұйымдары көшбасшыларының қатысуымен Волонтерлік кеңестің қызметін ұйымдастыру» және 18-ші «Өңірлердегі волонтерлік бастамаларды қолдауға арналған «Jańa bastama» жобаларын іске асыру» тармақтарына сәйкес мақсатты жұмыстарды жүзеге асыруда", — делінген ресми жауапта.
Атап айтқанда, аталған тармақтарды орындауға азаматтық қоғам институттарын тарту мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде арнайы конкурстар жарияланды.
Жобаларға республикалық бюджеттен 004 «Азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасын нығайтуды қамтамасыз ету» бағдарламасы шеңберінде қаржы қарастырылған.
Қазақстан мен Ресейдің волонтерлік ұйымдары көшбасшыларының қатысуымен Волонтерлік кеңестің қызметін ұйымдастыру жобасы еліміздегі волонтерлік саланы дамытуға бағытталған, дейді министрлікте.
Жоба шеңберінде екі елдің волонтерлік саласындағы көшбасшы ұйымдарының өкілдері мен белсенді волонтерлердің қатысуымен үш кеңес отырыстарын (екі отырыс Қазақстан Республикасында, біреуі Ресей Федерациясында) өткізу қарастырылған (жоба шеңберінде келушілердің және РФ-ға елімізден баратын көшбасшы ұйымдар мен белсенді волонтерлердің шығындары қарастырылған).
Жалпы бұл «Jańa bastama» жобасының мақсаты — өңірлерде волонтерлік бастамаларды қолдауға арналған жобаларды жүзеге асыру жобасы шеңберінде республика аумағында волонтерлік бастамалар мен тың идеяларды, олардың қызметін жақсарту және дамыту үшін ең жақсы өңірлік волонтерлер тәжірибесін қолдау.
Ресейлік волонтерлермен тәжірибе алмасу мақсатында кеңес ұйымдастырылатын болады.
24 075 892 теңге Қазақстан мен Ресейдің волонтерлік ұйымдары көшбасшыларының қатысуымен волонтерлік кеңестің отырыстарын өткізуге бөлінген. Бұл жоба аясында 50 шақты ерікті Рсейге барып тәжрибе алмасады деп күтілуде.
Ал «Jańa bastama» жобасына тиесілі 226,2 млн теңге 170 өңірге бөлініп беріледі.
Министрліктің мәліметінше, жобаға бөлінген 226,2 млн теңгенің 170,0 млн теңгесі өңірлік волонтерлік ұйымдардың жобаларына (әр өңірде 1 млн теңгені құрайтын 10 жобадан) қарастырылған.
Аталған жобаларды бөлу тәуелсіз комиссия мүшелерінің (әр өңірде жеке комиссия жұмысы ұйымдастырылады) қорытындысы арқылы жүргізілетін болады.
"Қалған қаржы өңірлік үйлестірушілерді, өңірлік жобаларға мониторинг жүргізуші республикалық үйлестірушілерді, менеджерлерді тарту (кем дегенде 22 қызметкер), кеңсе-жайларды жалдау (18 кеңсе), БАҚ арқылы түсіндіру және ақпараттандыру жұмыстарын жүргізуге, бейнероликтер түсіруге және іс-сапар шығындарын олардың айлықтарын өтеуге қарастырылған", — дейді министрлікте.
Айта кетейік, аталған жоба 2020 жылдың соңына дейін жүзеге асырылатын болады.