Бұл шешім үшін мәжілістің 53 депутаты мен сенаттың 33 депутаты дауыс берді.
Заң жобасы екінші оқылымға әзірлеу үшін келісім комиссиясына жіберілді. Келісім комиссиясының төрағасы болып сенат депутаты Ермек Жұмабаев сайланды.
Парламент отырысында түсініктеме берген ҚР әділет министрі Оңалсын Жұмабеков: «парламент мәжілісінің сайлауларына жасаған талдау қорытындысы сайлау заңын жетілдіру қажеттігін көрсетіп берді»,- деді.
Оның айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңға сайлау комиссияларын жасақтауға байланысты түзетулер енгізу ұсынылып отыр. Мәселен, сайлау мерзімі жарияланған мерзім мен дауыс беру қорытындысы шығарылатын уақыт аралығында сайлау комиссиясының құрамын өзгерту туралы шешімді жоғарғы сатылы сайлау комиссиясы қабылдайды. Сонымен бірге жазасын толық өтемеген немесе заңда көрсетілген тәртіп бойынша сот айыбынан құтылмаған тұлға мен сот арқылы іс-әрекетке қабілетсіз немесе жартылай қабілетті деп танылған тұлғалар сайлау комиссиясының мүшесі болуға тиіс емес.
Сондай-ақ, түзетулер арқылы сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары аяқталған сәттен бастап сайлау қорытындысы ресми түрде жарияланғанға дейін партиялық тізімге енген саяси партиялар мен үміткерлердің митинг, шеру, демонстрация немесе басқа да ереуіл түрлерін ұйымдастыруына тыйым салынады.
О.Жұмабековтың айтуынша, «мұндай тыйым сайлауға қатысушы үміткерлер мен саяси партияларға қатысты ғана салынады, тыйымның басқа барлық азаматтарға қатысы жоқ».
Үміткерлердің сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын үміткерлер жаппай тіркеліп біткеннен кейін бастау ұсынылған.
Заңға енгізілетін толықтырулардың көмегімен үміткерлердің сенімді өкілдерінің саны регламенттеледі. Мәселен, тиісті сайлау округіндегі әрбір сайлау учаскесінде бір-бір сенімді тұлғадан тағайындау ұсынылып отыр. Сенат депутаттығынан үміткерлердің сенімді өкілдерінің саны тиісті округтегі мәслихаттар санынан артуға тиіс емес.
Сонымен бірге заңда дауыс санын қайта санау мерзімін белгілеу ұсынылып отыр. Бұл толықтыруға сәйкес, дауыс саны сайлау қорытындысы ресми түрде жарияланғанға дейін қайтадан саналуы тиіс.
Депутаттар заң жобасын талқылау барысында ұсынылып отырған өзгерістерге байланысты бірқатар ескертпелер жасады. Әсіресе үміткерлердің сенімді өкілдерінің саны және үміткерлердің кірісі мен мүлкі туралы декларацияны тапсыру қажеттігі туралы нормалар айрықша пікірталас тудырды. Мәселен, депутат Дариға Назарбаеваның пайымдауынша, «декларация тапсыру туралы талап көп жағдайда қолайсыз үміткерлерді сұрыптаудың таптырмайтын технологиясы ретінде қолданылатыны жасырын емес, және бұған өткен парламент сайлауы дәлел бола алады». «Сайлауға санаулы ғана күн қалғанда декларациялардың дұрыс тапсырылмағаны белгілі болды. Үміткердің қоғамдық коммерциялық емес ұйымға мүшелігіне, осыдан көп жылдар бұрын заңға сәйкес жүзеге асырылған шаруашылық мақсаттағы сауда-саттық келісімдеріне тиісу көріністері тіркелді»,- деді Д.Назарбаева.
Сонымен қатар кейбір парламент депутаттары сенімді өкілдердің санын шектеудің қажеті жоқ деп санайды. «Бұл жекелеген үміткердің танымалдығы мен кәсіби біліктілік деңгейін паш етеді»,- деді Д.Назарбаева.
Сенат пен мәжіліс депутаттарының барлық ұсыныстары салыстырмалы кестеге қамтылып, парламент палаталарының бірлескен комиссиясының қарауына тапсырылды. Заң жобасы екінші оқылымда 8-сәуірде қаралуы тиіс.