Сөйтіп, «»Ұлы отан соғысының ардагерлері, мүгедектер мен асыраушысынан айрылуға байланысты жәрдемақы алушылардың әлеуметтік қамтамасыздығы мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы» заң парламентте қабылданды деп танылып, Елбасының қол қоюына жіберіледі.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 10-желтоқсанда өткен жалпы отырыста сенат депутаттары аталмыш заң жобасына түзетулер енгізіп, мәжіліске кері қайтарған болатын.
Бұл заң жобасында 2005-жылдың 1-қаңтарынан бастап Ұлы отан соғысының ардагерлері мен мүгедектерге берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы көлемін 15 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру қарастырылған.
Мәселен, бірінші топтағы мүгедектердің жәрдемақысы 3 айлық есептік көрсеткішке, екінші топтағы мүгедектердің жәрдемақысы 2,5 айлық есептік көрсеткішке, үшінші топтағы мүгедектердің жәрдемақысы 2 айлық есептік көрсеткішке артады. Мүгедек балаларға арналған жәрдемақы көлемі 3 айлық есептік көрсеткішке, асыраушысынан айрылуға байланысты төленетін жәрдемақы мөлшері 0,5-1 айлық есептік көрсеткішке арттыру көзделген.
Талқылау барысында мәжілісте қабылданған заң жобасына 16-18 жас аралығындағы ІІ және ІІІ топтағы мүгедек балаларға төленетін әлеуметтк жәрдемақы мөлшерін арттыру туралы өзгеріс енгізілді. Сол арқылы сенат депутаттары мүгедектердің бұл тобына берілетін жәрдемақы мөлшерін ІІ және ІІІ топтағы тумысынан мүгедек балаларға арналған жәрдемақы мөлшерімен теңестіруді ұсынған.
Сондай-ақ, заң жобасында тыл еңбеккерлеріне ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы тағайындау көзделген.