“Бүгін сенаттың осы сессиядағы соңғы отырысы болумен бірге осы залда да соңғы рет жиналып отырмыз. 1997-жылдың желтоқсанынан бастап 9 жыл бойы сенат осы ғимаратта жұмыс істеді. Келесі сессияны біз жаңа ғимаратта бастаймыз”,- деді спикер.
Сенаттың жұмысын қорытындылаған Н.Әбіқаев осы сессияда парламенттің “100 заң қабылдағанын, оның 47-сі қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар екенін, 38 халықаралық келісім-шарттардың бекітілгенін” хабарлады.
“Сандардың өзі көрсетіп тұрғандай, жыл өткен сайын дербес заңдардың үлесі азая түсуде. Өйткені, еліміздің заңнамалық базасының іргетасы қаланды. Сол себепті қазір біз уақыттың талабына сай көбінесе қолданыстағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар, түзетулер енгізумен шұғылданудамыз. Бұған дейін болмаған немесе еліміздің алдында тұрған мақсаттарды шешу аясында талап етілетін арнаулы мамандандырылған заңдарды қабылдап жатырмыз”,- деді сенат спикері.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 30-маусымда парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда осы сессия жабылады.