«Жанжалға толы әлемдегі қазіргі заманғы диалог көбінесе керең мен сақаудың арасындағы диалогты еске түсіреді. Тараптар ол біткен соң өздерінің кінәсіздігіне тағы да бір көз жеткізіп қайтатын диалогтың түкке де қажеті жоқ. Менің пікірімше, түрлі салаларда қолданылып жүрген принциптерді осы салада да қолдануға болады. Мен оларды түсіністік принциптері деп атар едім. Біріншіден, алдын ала ұйғармау, ғасырлар бойы қалыптасқан өзара қабылдау стереотиптерінен бас тарту. Менің саясаткерлік тәжірибем бір нәрсе туралы — өз стереотиптеріңнен аттап өте алуың керек дегенді айтады. Екіншіден, біреудің қастерлі саласына қол сұғудан саналы түрде бас тарту. Біреу үшін қасиетті саналатын нәрсе екінші біреудің әжуасына немесе келеке-күлкісіне айналмауға тиіс. Бұл — қарапайым ғана қағида, өкінішке қарай, оны журналистер мен саясаткерлер ғана емес, өзге діндерге қатысты өз сөздеріне жүрдім-бардым қарайтын дін уағыздаушылардың өздері де жиі бұзып жүр. Үшіншіден, жаңа, бейқалып қатерлерге қарсы әлемдік және дәстүрлі діндердің бірлескен жауабы. Егер саясат әлемінде осындай бейқалып қатерлер лаңкестікпен, жаппай қырып-жоятын қаруды таратумен, трансшекаралық қылмыспен байланысты болса, дін әлемінде тамыры одан да тереңге тартатын қатер туындап отыр. Бұл алшақтық мыңдаған жылдық діни дәстүрлермен байланысты. Бұл — әлемдік дін дәстүрлерімен сабақтасып жатқан діндарлықтың түрін түбегейлі теріске шығару. Қазіргі заманғы діни институттардың іргесін шайқалтуы бек мүмкін осы қатерді бажайламау өзектілігін әлдеқашан жоғалтқан дау-шарды қайта тірілтіп отыр. Қазіргі әлемдегі діни ахуал аса серпінді болып отыр әрі діни институттар — бәрібір жаңа тәуекелшілдікті және өз негіздеріне төнетін қатерді ескеруге мәжбүр болатын қоғамның бір бөлшегі», — деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті