Н.Назарбаевтың айтуынша, қазіргі жағдаймен Қазақстанда «экономиканың кейбір салалары шикізат саласымен салыстырғанда ауқымды экспорттық әлеуетке ие екеніне қарамастан, шетелдік инвесторлардың инвестициялық қоржыны құрылымында шикізат өндіруші саланың үлесі әлі де жоғары күйінде қалып отыр».
«Мәселен, құрылыс материалдарын өндіру саласы тек Қазақстанда ғана емес, жалпы аймақ көлемінде ауқымды өсу потенциалы бар, қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі»,- деді президент.
«Мұнайгаз саласымен салыстырғанда, мұнайхимиясына жұмсалған инвестицияның кірісі 5-6 есе артық болады деп бағалануда»,- деді ол.
«Индустриялық-инновациялық саясат аясында таяу жылдары дамытуды межелеп отырған 7 кластердің ішінде мұнайгаз саласына арнап машина және жабдықтар өндіруші кластер де бар»,- деді Н.Назарбаев. Қазақстан Елбасының айтуынша,»мұнай және газ өндіру, оларды тасымалдау және өңдеу көлемінің өсім перспективасын ескергенде, бұл саланың әлеуеті айрықша жоғары бағалануда».
Н.Назарбаев кеңес мүшелеріне «аталған бағыттардағы өндірісттердің ауқымын кеңейту және жаңасын құру жұмыстарын пәрмендендіруді» ұсынды. «Отандық мұнайхимиясы саласын дамыту үшін Атырауда қазіргі бар кәсіпорындардың негізінде мұнайхимиясының техносаябағын құру мәселесін жеделдете шешу қажет»,- деді ол.
«Осыған байланысты сіздер ҚР энергетика министрлігі мен ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясына қолдау көрсетсеңіздер тиімді болар еді»,- деді Елбасы.
«Қазақстанда мұнайхимиясы кластерін құру үшін полимерлік өнімге айналдырып өңделетін құрғақ табиғи газдың жеткізіліміне қатысты мәселені шешкен жөн. Ол жеткілікті көлемде және ұзақ мерзімді болуға тиіс». Н.Назарбаевтың пікірінше, «бұл қолда бар табиғи газ қорын жоғары деңгейде тиімді пайдалануға, сондай-ақ, озық технологияларды тарту және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді».
«Инвесторлар мен машина жасау кешеніне жататын қазақстандық кәсіпорындардың белсенді ынтымақтастығы туралы идея да орынды. Олар аталмыш кәсіпорындармен бірлескен кәсіпорындар құру, тапсырыстар беру және сервистік қызмет секторын дамыту бағытында ынтымақтаса алады»,- деді президент. «Орта мерзімді перспективада мұндай жүйелі қарым-қатынастың тиімділігі жоғары. Бұл мәселелерді шетелдік инвесторлар кеңесінің жанындағы мұнай және газ мәселелері жөніндегі жұмыс тобының қарауына енгізуді ұсынамын»,- деді ол.