«Бұған дейін жүк тасымалдау үшін Ресей арқылы айналып өтуге, ал соңғы жылдары оңтүстік арқылы шамамен 4 мыңдай шақырым айналып өтуге тура келген еді»,- деді Н.Назарбаев. «Ал бұл жол Қазақстанның Орталығы мен Шығыс аймақтарының арақашықтығын бір жағынан, екінші жағынан Батыспен арақашықтықты 2 мың шақырымға қысқартады. Жолаушылар үшін жолға сарп ететін уақыт 15 сағатқа қысқарады»,- деді президент. «Республиканың солтүстік және орталық облыстары — Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында өндірілген астық, ет және азық-түлік өнімдері тура батысқа бет алады. Жаңа темір жол желісін бойлай орналасқан никель, мыс және темір рудасы кеніштері игеріліп дами түседі»,- деді мемлекет басшысы. Сондай-ақ, «әрбір астық тоннасының құны 20 долларға, металл прокатының құны тоннасына 14 долларға арзандайды»,- деді Н.Назарбаев.
Бүгін Хромтау-Алтынсарин бағытындағы жаңа темір жол тармағы бойынша астық пен металл прокаттарын тиеген алғашқы отарба жөнелтілді. Осымен бір уақытта Батыс Қазақстаннан хром тиеген состав шықты.
Елбасы темір жолшылар алдында тұрған ендігі мақсат — Чарск — Өскемен (ШҚО) және Сексеуілді (Қызылорда облысы) — Бейнеу (Маңғыстау облысы) жол тармақтарын тарту екенін атап өтті. «Жаңа автожолдар мен темір жолдардың салынуы — Қазақстанның гүлдене түскеніне дәлел болмақ»,- деді Елбасы.
Н.Назарбаев ҚР көлік және коммуникация министрі Қажымұрат Нағмановқа Хромтау-Алтынсарин бағытындағы жаңа темір жол тармағын салу барысында көзге түскен жұмысшылардың атын мемлекеттік сыйлықтарға ұсыну туралы тапсырма берді.