Қазақстан президенті Пекинде Қытайдың жоғары басшылығымен бірқатар кездесулер өткізді - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+18 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан президенті Пекинде Қытайдың жоғары басшылығымен бірқатар кездесулер өткізді

Қазақстан президенті Пекинде Қытайдың жоғары басшылығымен бірқатар кездесулер өткізді

Төрт күндік мемлекеттік сапармен Қытайда жүрген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеше, 18-мамырда осы елдің жоғары басшылығымен бірқатар кездесулер өткізді,- деп хабарлайды Синьхуа агенттігі.

  • 19 Мамыр 2004
  • 617
Фото - Caravan.kz

Қазақстан мемлекет басшысы мен ҚХР мемлекеттік кеңесінің премьері Вэнь Цзябаоның кездесуінде екі елдің өзара тиімді экономикалық ынтымақтастығын одан әрі жалғастыру қажеттігі талқыланды. Н.Назарбаев осы жолғы сапар барысында қол қойылған келісімдер мен өзара ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай комитетінің, сондай-ақ, Қазақстан және Қытай кәсіпкерлерінің кеңесі құрылуы екі мемлекеттің сауда-экономикалық қарым-қатынасын нығайтуға берік негіз қалайды деп атап көрсетті. Қазақстан үкіметі болашақта Қытаймен екі арадағы қарым-қатынасты пәрмендендіруге, соның ішінде алпауыт мемлекеттің батыс аймақтарын игеру жөніндегі ауқымды шараға атсалысуға ниетті.

Қазіргі Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты «ойдағыдай» деп бағалаған ҚХР мемлекеттік кеңесінің премьері өз кезегінде екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты пәрмендендіру қажеттігіне тоқталды. Ол өзара ынтымақтастықтың жаңаша түрлері мен тың салалары бұдан былай да іздестіріледі, өзара инвестициялар ауқымы кеңейеді дегенге сенім білдірді. В.Цзябао ҚР мен ҚХР арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы құжатқа жоғары баға берді. ҚХР мемлекеттік кеңесі премьерінің пікірінше, бұл саладағы ынтымақтастық аясын тереңдету екі елдің қазіргі және ұзақ мерзімді мүддесіне сай келеді.
Қазақстан президенті мен Бүкілқытай халық өкілдері жиналысының Тұрақты комитеті төрағасы У Бангоның кездесуінде екі елдің парламентаралық байланысын нығайту мәселесі талқыланды.
Н.Назарбаевтың мәлімдеуінше, Қазақстан парламенті Бүкілқытай халық өкілдері жиналысымен достық байланысты нығайтуға, сондай-ақ, екі жақты қарым-қатынастарды ынталандыруға өзіндік үлес қосуға ниетті.
У Бангоның пайымдауынша, екі ел парламенттері өзара пікір алмасып, экономика саласын заңдық реттеу тұрғысында тәжірибе алмаса алады. «Біз Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасты дамытуға жоғары маңыз береміз»,- дей келіп ол : «ҚХР бұл байланысты ұзақ әрі тұрақты негізде дамыту идеясынан ауытқымайды»,- деді.
Бүгін, 19-мамырда Н.Назарбаев Қытайдың Шынжан-Ұйғыр автономиялық аймағының Үрімжі қаласында болып, Қытай Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің аймақтық парткомының хатшысы Ван Лэцюаньмен кездеседі.
Елбасы мұнда техника-экономикалық даму жөніндегі Үрімжі аймағы аумағында, жалпы Қытай территориясындағы тұңғыш Қазақстандық өндіріс — сусын өндіру жөніндегі «Райымбек фуд- Синьцзян» зауытының ресми ашылу шарасына қатысады. Сондай-ақ, Н.Назарбаев Үрімжі қаласында ҚР индустрия және сауда министрлігінің инвестицияларға ықпал жасау жөніндегі «Қазинвест» орталығы мен ҚР индустрия және сауда министрлігі ұйымдастыратын Қазақстан-Қытай бизнес-форумына қатысады деп жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар