Қазақстан президенті қазіргі заманғы өзекті оқиғаларға деген өз көзқарасымен бөлісті - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+23 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан президенті қазіргі заманғы өзекті оқиғаларға деген өз көзқарасымен бөлісті

Қазақстан президенті қазіргі заманғы өзекті оқиғаларға деген өз көзқарасымен бөлісті

Бүгін, 23-қыркүйекте Астанада басталған әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндер құрылтайында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев құрылтайға қатысушылармен қазіргі заманғы өзекті оқиғаларға деген өз көзқарасымен бөлісті .

  • 23 Қыркүйек 2003
  • 817
Фото - Caravan.kz

Атап айтсақ, мемлекет басшысы » «өркениеттер қақтығысы», «діндер дағдарысы» сынды тақырыптарда соңғы жылдарда белең алған әртүрлі алып-қашпа тұжырымдарды дәрменсіз пікірлер» ,- деп атады. Н.Назарбаевтың пікірінше, дүниежүзілік құрылымда қазіргі таңда белең алған түбегейлі өзгерістер аясында керісінше, адамзат дүниесі діни ақиқаттарға жауап іздеуге қайтадан жаппай бет бұрды.

Осы орайда Елбасы бұл мәселеде Еуразия құрлығының орталық бөлігінің маңызын жоғары бағалады. Оның пікірінше, бұған себеп, бұл өңірде «дін көптеген халықтар мен ұлыстардың ұлттық топтасуына түрткі факторға айналып отыр» . Сондай-ақ, Қазақстан президенті бұл аймақта дін туралы жаңа заңдар қабылданғаннан кейін «дінге деген сенім-нанымға жаңаша көзқарас қалыптасып, дінге табынушылар қатары молайғанына » ерекше назар аударды.
«Дін- дүниежүзіне адамгершілік пен мәдени диалог идеясын таратып сақтаушы бірден-бір жаҺандық құбылыс қалпында қалғандықтан бұл — қуанарлық жағдай»,- деді Н.Назарбаев.
Елбасының атап көрсетуінше, рухани әмбебаптықпен бірге, дін -айрықша ықпалды халықаралық ынтымақтастық институты болмақ. » Әртүрлі аймақтық және жергілікті шиеленістер өрши түскен, оның үстіне бұл шиеленістер кейбір жағдайда этнодіндік сипатқа көшкен дәл қазіргі таңда бұл айрықша маңызды «,- деді ол.
Оның айтуынша, саяси реттеу әдістемесінің қауқары жетпеген жерде » жаратушы Алланың сөзі татуластық пен сенімді селт еткізетін жалғыз құрал болмақ».
Әйтсе де, Н.Назарбаев осы орайда дәл қазіргі таңда діннің адамдарды саяси әрекетке жұмылдыру қабілеті кей жағдайда игіліксіз мақсаттарда қолданылып отырғанына өкініш білдірді. «Қазіргі мәдени-өркениттік және діни айырмашылықтарға саяси-идеологиялық сипат беруге әсте болмайтындығын ашық жариялайтын мерзім жетті дегенге сенімім зор»,- деді Қазақстан лидері.
Ол сондай-ақ, «Жалған діни сипаттағы қағидаларды бет-перде ретінде пайдаланып жүзеге асырылатын зорлық-зомбылық, озбырлық әрекеттердің шынайы мән-маңызын әшкерелей білуді , олардың қалтарыста құрған қақпандарын жазбай тани білуді үйрену қажеттігін» атап көрсетті.
Сонымен бірге, Н.Назарбаевтың пайымдауынша, кез-келген моножүйе жалпы адамзат дүниесі түгілі, оның бір бөлігінің де тепе-теңдігін, тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз ете алмайды.
«Моножүйеде әртүрлі қайшылықтар мен жарылыстар қаупі ұдайы сақталады. Ал бірлік — көпұлттылықта, көптүрлілік пен көпконфессиялылықта деген қағида нағыз ақиқат деп білемін «,- деді мемлекет басшысы.
«Өзіңнен өзге өркениеттер, мәдениеттер мен діндер де бар, олардың да терең әрі маңызды тарихы, өзіне тән нышан-белгісі мен менталитеті қалыптасқан дегенді ұғынып, осымен санаса білу қажет . Әрі мұндай жағдайды қандай жойқын күшпен де жығып жоя алмайсың»,- деді Елбасы.
Өз сөзінде президент сондай-ақ, халықтар, елдер мен конфессиялар арасындағы өзара түсіністікке, татулық пен бірлікке, ынтымақтастыққа қол жеткізуге шақырған үндеу мен нақты әрекет , жалпы бітімгершілік — адамзат үшін игі қадам екенін атап көрсетті. «Лаңкестік, халықты жаппай қырып-жоюға бағытталған қаруларды тарату, есірткі саудасы және оның салдары, экологиялық зілзалалар, қазіргі кезеңнің әлеуметтік және басқа да сырқаттары тәрізді ғаламдық сипататғы зұлматтармен күресте тек әріптестік және өзара сенімділік арқылы ғана табысқа жетуге болады «,- деді ол.
Қазақстан мемлекет басшысының пікірінше, бұл мәселелер алдағы уақытта дүниежүзіндегі барлық қоғамдық институттар, халықаралық ұйымдар мен үкіметтердің іс-қызметінде айрықша маңызды орын иемденуге тиіс. Бұл орайда әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндер де салмақты роль атқаруы тиіс деп қорытты өз сөзін Қазақстан Елбасы.

Соңғы жаңалықтар