«Қазына» ТДҚ мен мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі «Самұрық» холдингі ұлттық әл-ауқат қоры болып біріктіріледі. Оның директорлары кеңесін үкімет басшысы басқарады, деді президент.
«Ол дағдарысты еңсеру мәселелері жөніндегі Қазақстанның үкіметтік бағдарламасының түпқазығына айналады. Жаңа құрылымның капиталын құруға $5 млрд жұмсалады», -деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз кезегінде «Қазына» қорының бұрынғы басшысы Арман Дунаев журналистерге берген сұхбатында жаңа құрылымның капиталына деп бөлінген $5 млрд көлеміндегі қаржының бір бөлігі «экономика мен қаржылық секторды тұрақтандыруға байланысты бағдарламаларға, ал тағы бір бөлігі электр қуаты мен химия саласын дамыту жөнінде президент берген тапсырманы жүзеге асыруға жұмсалады». «Біріккен холдингтің мүмкіндіктері, сөзсіз , арта түсті, олай дейтініміз, инвесторлар мүддесі тұрғысынан активтер көп болған сайын капитал да көп, демек, құрылым да тұрақты деген сөз», — деді А. Дунаев.
«Бірақ, аталған жағдайда бұл таза қаржылық институт болады деп айту теріс, өйткені, қаржылық және өндірістік активтер біріктірілді. Осы тұрғыдан бұл дәстүрлі қарапайым бірігу емес, бәрі жақсы аяқталады деп ойлаймын», — деді ол.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті