Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Н.Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуінде бірқатар екі жақты құжаттарға қол қойылады. Атап айтсақ, Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекара учаскесін делимитациялау туралы келісімге қол қойылады. Ұзындығы 7,5 шақырымдық мемлекеттік шекара сызығы туралы келісімге 2004-жылдың аяғында қол қою жоспарланған болатын. Сондай-ақ, «Байқоңыр» ғарыш айлағын пайдалану барысында қоршаған ортаны қорғау туралы келісімге қол қойылады.
Мәскеуге сапары барысында Н.Назарбаев М.Хруничев атындағы Ресей мемлекеттік ғылыми-өндірістік ғарыш орталығында болып, Қазақстанның алғашқы ұлттық жер серігі «ҚазСаттың» құрылыс барысымен танысады деп күтілуде. Мұнымен қатар, сапар барысында «Байқоңыр» ғарыш айлағы негізінде «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін салу бағдарламасы аясындағы қазақстан-ресей ынтымақтастығын дамыту мәселелері сөз болмақ.
Мәскеуде Н.Назарбаев сондай-ақ қазақ диаспорасы өкілдерімен және ресейлік БАҚ өкілдерімен кездеседі.