Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Ташкент кездесуінің күн тәртібіне мемлекеттердің Шанхай Ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі өзара ықпалдастығы мен ынтымақтастығына қатысты кең көлемді мәселелер топтамасы шығарылған. Саммитке арқау болатын басты тақырыптардың арасында Ауғанстандағы ахуал, лаңкестікпен күрес, Азия- Тынық мұхиты аймағындағы кең көлемді ынтымақтастық мәселелері бар. Ұйымға біріккен алты мемлекеттің басшылары Ауғанстандағы қазіргі ахуалды жан-жақты сарапқа салмақшы. Осы елдің мемлекет басшысы Хамид Карзай кездесуге арнайы шақырылған.
Заңсыз есірткі айналымына қатысты мәселе саммиттің жеке тақырыптарының бірі. Шанхай Ынтымақтастық ұйымына мүше елдер арасындағы есірткі заттары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымымен күрес саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылады деп күтілуде. Сонымен бірге, Шанхай Ынтымақтастық ұйымындағы бақылаушы мәртебесі туралы ереже бекітілмекші. Мемлекеттер арасынан осындай мәртебеге бірінші болып Монғолия ие болады деп күтілуде. Саммитке осыған орай Монғолия президентінің арнаулы өкілі де шақырылған.
Тұтастай алғанда, Ташкент саммитінің қорытындысы бойынша Шанхай Ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің мемлекет басшылары мен сыртқы істер министрлері деңгейіндегі 10-ға жуық құжаттар мен шешімдерге қол қойылады деп межеленген. Кездесу қорытындысы бойынша Ташкент декларациясы қабылданады. Бұл құжатта бүгінге дейін тындырылған істердің қорытындысы шығарылып, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі құрылымдар мен мекемелердің жұмысы бағаланып, алдағы уақытқа арналған мақсат-міндеттер айқындалады.