Н.Әлиевтің хабарлауынша, бұл құжатқа Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырын мұнаймен салтанатты түрде толтыру шарасы кезінде қол қойылмақшы. Бұл шара 25-мамырда Сангачал терминалында Әзербайжан, Грузия, Түркия және Қазақстан президенттерінің қатысуымен өтеді.
Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясы президентінің айтуынша, бұл құжаттың жобасы қазіргі жағдаймен келісіліп, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Қазақстан және АҚШ СІМ-нің қарауына ұсынылған. Н.Әлиев аталмыш елдердің бәрі де Баку декларациясына қол қоюға қолдау білдірді деп мәлімдеді.
«Бұл барлық президенттер қол қоятын маңызды саяси құжат болмақ. Сол арқылы олар Батыс-Шығыс көлік дәлізі, соның ішінде Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры мен Қазақстанды аталмыш жобаға біріктіру сынды кез-келген энергетикалық жобаларға қолдау білдірмекші»,- деді Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясының президенті.
«Атқарушы билік органдары үшін бұл — тапсырма ғана емес, іске кірісуге үндеу құжат болмақ»,- деді ол.
Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырымен Қазақстан мұнайын тасымалдау туралы Әзербайжан мен Қазақстан үкіметаралық келісімі туралы сөз қозғаған Н.Әлиев құжаттың жобасы іс жүзінде дайын деп мәлімдеді. «Біз жұмыстарды аяқтауға тақап қалдық. Келісімге таяу уақыттарда қол қойылады деп сенеміз. Ал Қазақстандық компаниялардың транзитті аумақтарға иелік ететін елдермен қол қоятын транзитті келісімдеріне биылғы жылдың аяғына дейін қол қойылады»,- деді Н.Әлиев.
Оның айтуынша, Қазақстан жағымен келісімге сәйкес, үкіметаралық келісім мен транзитті келісімдерді екі елдің парламенттері бекітуі тиіс.