«Конституциялық кеңестің пікірі бойынша Қазақстан президентінің кезекті сайлауы 2005-жылдың желтоқсан айының бірінші жексенбісінде өтуге тиіс»,- деді И.Рогов. Оның түсініктемесіне сәйкес, ҚР Конституциясының 41-бабының 1 және 3- тармақтарында «президент сайлауына қатысты барлық жағдайларға қатысы бар жалпылама сипаттағы нормалар енгізілген». «Бұл нормалар мемлекет басшысын сайлаудың 7 жылдық циклін енгізеді. Ал оны бастайтын мерзім ретінде желтоқсан айының бірінші жексенбісі көрсетілген»,- деді кеңес төрағасы.
«ҚР Конституциясының 94-бабының 1-тармағы президент сайлауы өткізілуге тиіс 7 жылдық мерзімнің бастамасын нақты көрсетпейді»,- деді И.Рогов. «Сол себепті оның ережелерін 41-баптың 1 және 3-тармақтарының нормаларынан бөле-жара қолдануға келмейді». «94-баптың 1-тармағының нормалары 41-баптың 1 және 3-тармағының нормаларын өтпелі кезеңде, алдағы президент сайлауының мерзімін анықтауға байланысты кезеңде жүзеге асыруға арналғандықтан аталған нормалар жиынтық түрінде қолданылуға тиіс»,- деді Конституциялық кеңес төрағасы.
Конституциялық кеңестің қаулысы қабылданған сәттен бастап күшіне енеді және ол Қазақстан Республикасы аумағында жаппай міндетті түрде орындалуға тиіс.
Қазақстан Ата заңына сәйкес кезекті президент сайлауының мерзімін парламент мәжілісі қыркүйектің екінші жексенбісіне дейін жариялауға тиіс. Ал президент сайлауы желтоқсан айының алғашқы жексенбісінде өткізіледі. 2005-жылы бұл күн 4-желтоқсанға дөп келмек.