В.Школьниктің мәліметі бойынша, BG акцияларының 16,67 проценттік қоржынының нарықтағы құны 1,23 млрд. долларды құрайды, демек, сатып алынатын акциялар қоржыны 615 млн. доллар тұрады.
BG акциялары қоржынының 50 процентін сатып алуға қаржы бөлу мәселесіне тоқталған В.Школьник дәл қазіргі таңда Қазақстанның қаржы нарығындаы аухал мейлінше қолайлы болғандықтан, «үкіметтің аталған қаржыны бюджеттен бөлуге мүмкіндігі бар» деп атап көрсетті. Сонымен бірге ҚР энергетика және минералды ресурстар министрінің айтуынша, «ұлттық ҚазМұнайГаз компаниясы да бұл қаржыны рыноктан несиеге ала алады, қала берді ҚазМұнайГаздың бұл мақсатқа жеке қаржы шығаруға да шамасы жетеді».
Қашаған кенішін игеру жобасы бойынша BG үлесін сатып алу жөніндегі келіссөздердің кезекті раунды В.Школьниктің айтуынша 2-ақпанда Астанада өтеді деп межеленген.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Ұлыбританияның BG тобы Қашаған жобасындағы 16,67 проценттік өз үлесін сатуға ниет білдіріп, оны жобаға қатысушы италиялық Eni, Ұлыбритания мен Голландия біріккен Royal Dutch/Shell, францияның Total, американдық Exxon Mobil және ConocoPhillips, сондай-ақ, жапониялық Inpex компанияларға бөліп беруге ұсыныс жасаған.
Қашаған кенішін игеру жобасының операторы болып табылатын Agip KCO консорциумына BG Group, Exxon Mobil, Inpex Masela Ltd., Phillips, Shell және TotalFinaElf компаниялары біріккен. Қашаған кенішіндегі алғашқы мұнай Восток-1 ұңғысында 2000-жылдың жазында табылды. Кеніштегі дәлелденген мұнай қоры 11 млрд. баррельді (1,5 млрд. тонна) құрайды. Agip KCO Қашаған кенішінде өнеркәсіптік мұнай өндіре бастау мерзімін 2007-жылға межелеп отыр.