В.Школьниктің айтуынша, Қазақстан BG акцияларының бір бөлігін сатып алуға құқылы екенін заңдық тұрғыда дәлелдеді. Сөйтіп Agip KCO консорциумының акционерлері «жобадағы өз үлестерінің 50 процентін Қазақстанға сатуға келісімін берді».
ҚР энергетика және минералды ресурстар министрі бұл сауда-саттықты » ірі көлемдегі активтің елімізге кері қайтуына мүмкіндік берген аса тиімді әрі қажетті шара» деп бағалады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Ұлыбританияның BG тобы Қашаған жобасындағы 16,67 проценттік өз үлесін сатуға ниет білдіріп, оны жобаға қатысушы италиялық Eni, Ұлыбритания мен Голландия біріккен Royal Dutch/Shell, францияның Total, американдық Exxon Mobil және ConocoPhillips, сондай-ақ, жапониялық Inpex компанияларға бөліп беруге ұсыныс жасаған.
Қашаған кенішін игеру жобасының операторы болып табылатын Agip KCO консорциумына BG Group, Exxon Mobil, Inpex Masela Ltd., Phillips, Shell және TotalFinaElf компаниялары біріккен. Қашаған кенішіндегі алғашқы мұнай Восток-1 ұңғысында 2000-жылдың жазында табылды. Кеніштегі дәлелденген мұнай қоры 11 млрд. баррельді (1,5 млрд. тонна) құрайды. Agip KCO Қашаған кенішінде өнеркәсіптік мұнай өндіре бастау мерзімін 2007-жылға межелеп отыр.