Үкімет басшысы «осыған қатысты түрлі келіспеушіліктер ақпан айының соңы мен наурыз айының басында шешіледі» дегенге үміт білдірді. Д.Ахметовтың айтуынша, консорциумның шетелдік қатысушылары «мұндай өтемақы төлеу қажеттігін түсініп отыр». Осы орайда үкімет басшысы Қашаған кенішіндегі барлау мақсатындағы 6 ұңғы да мұнай қорын анықтағанын еске салды. «Осынау бірегей дерек кеніштің келешегіне деген сенімді арттыра түседі»,- деді үкімет басшысы.
Қазір, Д.Ахметовтың айтуынша, Қашағанның алынатын шикізат қоры 1,4 млрд. тоннадан асады деп бағалануда. «Барлау жұмыстары әлі де аяқтала қоймағандықтан, қор мөлшері бұдан да артық болуы мүмкін»,- дейді үкімет басшысы. Оның айтуынша, «мұнай сапасы да айтарлықтай жоғары. Біз жалпы Қашаған мен басқа да кеніштердің болашағына үлкен үмітпен қарап отырмыз»,- деді д.Ахметов.