Банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл Қазақстан қор биржасының (KASE) сауда алаңы аясында инвестия жасау мүмкіндігінің тұрақты дамып және одан әрі кеңейтіліп отырғандығының дәлелі болып табылады. KASE-де мерзімдік келісімшарттар нарығының ашылуын қазақстандық эмитенттердің туынды құралдарына инвестиция салудың бірегей мүмкіндігі деп қарастыруға болады. Бұл инвесторларға қазіргі ұзақ айқындамаларды ұлттық валютада хеджирлеуге, сонымен қатар қысқа айқындамалар ашуға мүмкіндік береді.
«Біз Қазақстан қор биржасымен ынтымақтастық қарым-қатынас құра алғанымызға қуаныштымыз. Енді биржалық белгіленімі (котировка) бар акцияға айырбасталатын фьючерстеріміздің тізімін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Біздің компания мұндай мәмілелік құралдарға инвесторлар қауымдастығы тарапынан қызығушылық туатындығына сенеді. Себебі ол фьючерстік сауда-саттық базалық негізгі активтермен жасалатын саудаға қарағанда едәуір тиімді», — дейді «Halyk Finance» АҚ-ның Басқарма төрағасы Еркебұлан Төлебергенов. Оның айтуынша, құрал бойынша айқындаманы «иықты» (бастапқы маржасы 10%-дан 20%-ға дейін) етіп ашуға және базалық актив бағасын күні бұрын белгілеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар инвестор базалық активті сақтаумен байланысты жұмсалатын депозитарлық шығын көлемін айтарлықтай азайта алады.