Жарияланды: 420

Қазақстан Қорғаныс министрі чехиялық компанияларды KADEX-2014 көрмесіне қатысуға шақырды

Қазақстан Қорғаныс министрі чехиялық компанияларды KADEX-2014 көрмесіне қатысуға шақырды

Бүгін Астанада Қазақстан Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков Чехия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Бедржих Копецкиді қабылдады, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Кездесу қорытындысы бойынша, тараптар Қазақстан мен Чехия арасында жүйелі ғаламдық және аймақтық деңгейдегі қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтауға бағытталған тұрақты саяси диалог қалыптасып отырғанын және оның жалғасуы мен кеңейе түсуіне қажетті сапалы жағдайлар жасалғандығын атап өтті. Екі жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылы қазан айындағы Чехияға сапары барысында беки түсті. Сол жолғы жоғары деңгейде өткен кездесудің маңызды нәтижесі екі ел қорғаныс ведомстволары арасындағы әскери саладағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою болған еді. Қазақстан мен Чехия арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық саласын дамытудың өзара тәжірибесі бұрыннан қалыптасқан. 2012 жылдың соңында Чехия Қорғаныс министрлігінің шақыруымен қазақстандық әскери делегация Прага көрмесі мен «Болашақтың сарбазы» конференциясына қатысып, отандық әскери мамандар киберқауіпсіздік, терроризмге тосқауыл, инфрақұрылымды қорғау шараларын ұйымдастыру бойынша НАТО тәжірибесімен танысты. Қазіргі кезде ұлттық технологиялық даму бағдарламасы шеңберінде Қазақстан қорғаныс ведомствосы чехиялық компаниялармен арадағы өзара байланысты нығайтуға және олардан стратегиялық емес қаруды алу мен өндірудің мүмкіндіктері қарастырылуда. Осыны еске ала отырып, Әділбек Жақсыбеков чехия тарабына халықаралақ KADEX-2014 қару-жарақ және әскери мүлік көрмесіне қатысуды ұсынды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін