«Құс тұмауына қатысты қазіргі ахуал Қазақстанды айрықша алаңдатуда. Құс тұмауы барлық оң бастамалар мен республика экономикасына салынған инвестицияларды құмға сіңген судай болдыруы ықтимал. Сондықтан малдәрігерлік қызметтің басты мақсаты тұтастай алғанда малдәрігерлік тұрғыда қолайлы ахуал қалыптастыру, соның ішінде құс тұмауына баса назар аударуға саяды»,- деді Н.Жақыпбаев.
Оның айтуынша, Қазақстан құс тұмауының шабуылына қарсылық білдіруге дайын болды. Соның арқасында профилактикалық, дерт ошағын шұғыл түрде шоғырландыру мен оны жою шаралары республиканың індетті етек алдырмай, бетін қайтара алуына мүмкіндік берді. Індеттің жер-жерлерде көрініс беру салдарынан елімізде жалпы 30 млн. құстардың 13 мыңының ғана шығынға ұшырады. Сонымен бірге Қазақстанға Голландия, Италия және Халықаралық эпизоотикалық бюродан еліміздің малдәрігерлік қызметінің іс-шараларының тиімділігін бағалауға шақырылған халықаралық сарапшылар елімізде құс тұмауының таралуына қарсы сапалы әрі уақытын тапқан шаралар қолданылды деген тұжырым жасады.
Сонымен бірге Н.Жақыпбаев құс тұмауы бойынша Қазақстандағы эпизоотиялық фонның салыстырмалы түрде тұрақтылығы «бейқам отыруға негіз болуға тиіс емес» деп атап өтті. Керісінше, ауылшаруашылығы министрлігінің малдәрігерлік қызметі бірінші кезекте құс фабрикаларында қатаң нысаналы шаралар қолдануда. Өйткені, індет етек алған жағдайда осы құс фабрикалары алғашқы шабуылға душар болмақ. «Құс тұмауынан бір немесе он құс шығынға ұшырағанына қарамастан, құс фабрикасындағы барлық құстар құрбандыққа шалынады. Мұнымен ғана шектелмей, ондай жерде бұдан былай ешкім құс шаруашылығымен шұғылданбайтын болады»,- деді мал дәрігері.
Оның айтуынша, халықаралық стандарттарға сәйкес, қазақстандық құс фабрикаларында «бірқатар аса қатаң шаралар қолданылуда». «Құс фабрикаларында еркін аймақ деген ұғым енгізілуде. Әрбір құс фабрикасының айналасында 5 шақырымдық аумақ үй құстарынан бос болуға тиіс. Сонымен бірге фабрика қызметкерлерінен ешбір адам қандай лауазым атқаратынына қарамастан, өз шаруашылығында құстарды ұстауға тиіс емес. Бұл құстардың арасындағы байланысқа жол бермеудің қамы»,- деді Н.Жақыпбаев.
Жабайы фауна шеңберінде де тиісті профилактикалық шаралар қолданылуда. «Жыл құстарының жолында орналасқан 14 мың ірі өзеннің төңірегінде 3 шақырымдық аумақта да еркін аймақтар құрылады. Оған үй құстары жіберілмейтін болады»,- деді ол.