Жарияланды: 780

Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттері бірлесіп Шардара су қоймасындағы бөгеттің бұзылмауына шұғыл шаралар қолдануда

Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан өкілдері бірлесіп Сырдарияның суын азайту үшін шұғыл шаралар қолдануға шешім қабылдады. Сырдария өзенінен жұмсалатын су шығынының артуы салдарынан Шардара су қоймасындағы бөгеттің бұзылу қаупі туындағаны жайындағы мәселені талқылау үшін 4-қаңтарда Шымкентте өткен кеңес барысында осындай шешім қабылданды.

4-қаңтардағы мәлімет бойынша, жобалық көлемі 5,2 млрд. текше метрді құрайтын Шардара су қоймасында қазір 4 млрд. 376 млн. текше метр су жиналған. Қоймаға құйылатын су көлемі секундына 1550 текше метрді құраса, тасталатын су көлемі секундына 805 текше метрге жетеді. Қалыптасқан ахуалды зерттеген кеңеске қатысушылар дәл қазіргі таңда Шардара және Арнасай су тораптары арқылы су өткізуге байланысты күрделі ахуал қалыптасып, елді мекендер мен экономика саласының кейбір нысандары су астында қалу қаупі туындады деген тұжырымға келді. Ахуалды тұрақтандыру мақсатымен 5-қаңтардан бастап Өзбекстан суармалы алқаптарды шаю үшін секундына 300-350 текше метр су алуды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, Өзбекстан жағы ирригациялық жүйеге арнап су алу мөлшерін секундына 100 текше метрге арттыру мүмкіндіктерін қарастырып, Арнасай су жинау арнасында салынған қосымша құрылымдар арқылы секундына 650 текше метр су өткізуге жағдай жасайды. Қазақстан 5-қаңтардан бастап Мақтаарал ауданындағы және Шардара су қоймаларынан суармалы алқаптарды шаюға арнап су алу мөлшерін секундына 100 текше метрге жеткізуге шара қолданады. Қырғызстан 6-қаңтардан бастап Нарын су электр станциялары каскады арқылы су өткізу мөлшерін секундына 500 текше метрге дейін азайтады, ал Қазақстан жағы Қырғызстандағы электр қуатын өндіру мөлшерінің орнын толықтыру үшін қаңтар айында Бішкектегі жылу электр станциясына 15 мың тонна мазут пен 85 мың тонна көмір береді. Қырғызстан 2004-жылдың 15-маусымына дейін Қазақстанға электр қуатын беру арқылы елімізден алған отын үшін есеп айырысады. Сондай-ақ, бұл кеңесте дариялар арқылы өтетін су мөлшері тәртіптерін реттеу және қол қойылған хаттама талаптарын орындау жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының бірінші бас қосуы 12-қаңтарда Ташкентте өтеді. Қаңтар айында бұл жұмыс тобы Нарын-Сырдария су қоймалары каскадының су және энергетикалық ресурстарын пайдалану туралы 2004-жыл мен 2005-жылдың бірінші тоқсанына арналған үш жақты үкіметаралық хаттама жобасын әзірлеуі тиіс. Жоба үш мемлекет үкіметтерінің қарауына ұсынылады. Кеңеске қатысушылардың пікірінше, қол қойылған бұл келісімдер Шардара су қоймасына қатысты қалыптасып отырған күрделі ахуалды аз да болса жеңілдетуі тиіс. Кеңеске қатысқан еліміз өкілдерін ҚР үкімет басшысының бірінші орынбасары Александр Павлов, Қырғызстан өкілдерін вице-премьер Базарбай Мәмбетов, Өзбекстан өкілдерін осы елдің ауылшаруашылығы және су шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Абдурахим Джалалов басқарды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін