Заң жобасында Қазақстандағы саяси партиялар мен Тұрақты Кеңестен келіп түскен ұсыныстар да ескерілді,- деді З.Балиева.
Заң жобасына сәйкес, атқарушы биліктің сайлау барысына тұмсық тығуын азайту үшін ақырғы дауыс санау процессі әкімшілік ғимараттарынан тыс жерде өткізіледі деп көрсетілді. Сондай-ақ, жобада бақылаушының мәртебесі айқындалып, кандидаттардың сенімді өкілдерінің санына қойылған шектеу алып тасталды, бастамашы топтар институты қысқартылды.
Сайлаушылар тізімі ІІМ-нің аумақтық органдарында азаматтарды тіркеу негізінде ғана жасалатын болды. Соның нәтижесінде «бір адам-бір дауыс» принципі сақталады. Соған сәйкес сайлаушылардың қосалқы тізімдері мен тізімнен шығару жөніндегі талондар қысқартылады.
Заң жобасы барлық үміткерлерге сайлау қорын құруға құқық береді. Бұрын мұндай құқыққа тек мәжіліс депутаттығынан үміткерлер ғана ие болып келген болатын. Мәслихат депутаттарын сайлау — салыстырмалы басым дауыс жүйесіне негізделген бір сатылы сайлау түрінде өткізіледі. Әкімшілік жазалар мен жемқорлық үшін жүктеген жаза кандидаттарды тіркеуде шектеу бола алмайды.
Сонымен бірге, заң жобасында дауыс беру процедурасы нақты дәйектелген. Округтік комиссия дауыс санау процедурасын 12 сағатқа сыйғызып бітіруге тиіс. Дауыс берудің ақырғы қорытындысы мәслихат сайлауларында 5-7, ал мәжіліс сайлауында 10 күннің ішінде жариялануы тиіс.