«Қазақстан экономикасының бүгінде тұрақты қарқынмен дами бастауына сіздердің қосқан үлестеріңіз де зор»,- деді Елбасы жиынға қатысушыларға арнаған сөзінде. Қазақстан мемлекет басшысы «елге капитал тарту, технологияларды дамыту және біздің мамандардың біліктілігін жетілдіру ісіне шетелдік инвесторлар одан әрі де қолдау көрсете береді» дегенге сенім білдірді.
«Мемлекетіміз инвестициялық ахуалды одан әрі дамыту бағытындағы жұмыстарды бұдан былай да жалғастыра береді», деді президент. «Үкіметіміз мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру саясатын жүргізе бастады. 2007-жылы қаржы секторында Еуроодақ стандарттары енгізілетіндігіне байланысты Қазақстан валюталық реттеу саясатын либерализациялау саласында ілгерілей беруді көздеп отыр»,- деді мемлекет басшысы.
Н.Назарбаевтың айтуынша, «елімізде салық ауыртпалығын жеңілдетуге де шаралар қолданылуда. Атап айтсақ, қосалқы құны жоғары өнім өндіретін және халықаралық сапа стандарттары талабына сәйкес менеджмент жүйесін енгізген ұйымдардың корпоративтік кіріс салығын жеңілдетілген тәртіппен есептеу межеленді».
«Сонымен бірге инвесторлардың сенімін арттыруға бағытталған шаралар ретінде үкімет келісім-шарт жасасу және лицензия беру істерінің тұрақтылығы мен ашықтығына қол жеткізуді, сондай-ақ, инвесторлар құқығын қорғау саласындағы заңнамаларды жетілдіре түсуді көздеп отыр»,- деді президент.