Жарияланды: 430

Қазақстан суретшілерінің басты проблемасы неде?

Қазақстан суретшілерінің басты проблемасы неде?

Бұл туралы бүгін Астанада «Нұр Отан» партиясының жанынан құрылған «Мирас» мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері бойынша қоғамдық кеңесінің кезекті жетінші отырысында Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының төрағасы Байтұрсын Өмірбеков айтты.

«Басты проблема - бізде тұрақты түрде мемлекеттік дәрежеде ұйымдастырылатын конкурс жоқ. Әріптестеріміз ренжімес, басқа өнер салаларын қарастырсақ, музыкада скрипкасы бар, вокалы бар, тағы басқалары бар бірнеше мемлекеттік дәрежедегі конкурстары бар. Кино саласын алсақ, өздеріңіз білесіздер, түрлі фестивальдер бар. Әдебиетте поэзия, драматургия және басқа салалар үшін өткізіліп жатқан конкурстар өте көп. Ал жас суретшілерге арналған «Шабыт» деген бір ғана конкурс бар», - дейді Б. Өмірбеков. «Басқа елдерге барсаңыз алдымен Луврға немесе Эрмитажға барасыз. Ал Алматыдағы Қастеев мұражайына барсаңыз, соңғы он жылда сатып алынған үлкен, жақсы шығарма жоқ. Себебі ондай шығарма өз бетімен жасалмайды. Ондай шығарма мемлекеттік тапсырыспен жасалады. Мысалы өткенде Қырғызстанда Президентіміздің ресми сапарына орай бізге көрме жасаңдар деді. Сонда Астана туралы, желтоқсан оқиғасы туралы картиналар болса ала келіңіздер дейді. Ал ондай туындылар бізде жоқ. Себебі мемлекеттен тапсырыс болмаса, суретші ондай суреттерді өз бетімен салмайды. Өйткені оны ешкім сатып алмайды. Сонда суретші қалай күн көру керек?! Сондықтан олар Арбатқа қойса, сұранысқа ие болатын әдемі ақбоз аттың суретін, болмаса жақсы табиғатты салады. Оларды халық сатып алады. Міне, өнердің мәні осылай төмендеп бара жатыр», - дейді Суретшілер одағының төрағасы журналистерге берген сұхбатында. Отырыста сондай-ақ, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Халила Нұрғалиеваның «Ауылдағы мәдениет объектілерін дамытудың хал-ахуалы» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін