Қазақстан сыбайлас жемқорлықпен күрестің өзіндік үлгісін қалыптастыра алды - kaz.caravan.kz
  • $ 444.32
  • 473.33
+15 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан сыбайлас жемқорлықпен күрестің өзіндік үлгісін қалыптастыра алды

Қазақстан сыбайлас жемқорлықпен күрестің өзіндік үлгісін қалыптастыра алды

Қазақстан сыбайлас жемқорлықпен күресті бұрынғы кеңестік республикалар арасында алғашқылардың бірі болып қолға алды.

  • 8 Шiлде 2011
  • 885
Фото - Caravan.kz

Соның нәтижесінде аз уақыттың ішінде біршама тәжірибе жинап, өзіндік сүрлеу де салды. Біз осыған орай ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитеті Алматы қаласы бойынша департаментінің басқарма бастығы Самат Айтбековті еліміздегі жемқорлықпен күрестің бағыт-бағдары туралы әңгімеге тартқан едік.

— Самат Қаппасұлы, сыбайлас жемқорлықпен күрестің Қазақстан қоғамындағы маңызы мен рөлін қалай бағалауға болады?

— Бүгінгі таңда жемқорлықпен күрес тек Қазақстан үшін ғана емес, әлемнің басқа да елдері үшін де аса өзекті мәселе болып табылады. Сыбайлас жемқорлықпен күрес әр кезеңде әртүрлі сипатта болған. Оның мемлекет ұғымымен қатар өмір сүріп келе жатқандығына тарихи жазба деректер куә бола алады. Мәселен, біздің дәуірімізге дейінгі ХХІV ғасырдағы Шумер патшалығында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жария түрде күрес жүргізіліп, пара алатын шенеуніктер қала-мемлекет заңымен қудаланған. Сыбайлас жемқорлық мәселесі тарихи уақыт шеңберін немесе ұлттық шекараларды мойындамайды. Ол барлық жерлерде, барлық кезеңдерде қоғамдасудың әртүрлі нысандарында орын алып отырған қоғамдық індет. Оны түбегейлі жою мүмкін болмаса да қоғамдық бақылауды қүшейту арқылы, атқарушы және заң шығарушы биліктердің ортақ қағидаттарына негізделген күрес пен сот билігінің әділдігі арқылы ғана белгілі бір дәрежеде шектеп, жаппай көрініс беруін тиюға болады.

— Трансперенси интернэшнл ұйымының деректері бойынша, Қазақстан сыбайлас жемқорлықтың деңгейі жағынан әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жағынан артта қалып қойған кейбір елдердің соңында келе жатыр. Бұл деректі қалай бағалауға болады?

— Сыбайлас жемқорлықпен күресті зерттейтін халықаралық деңгейде мойындалған «Трансперенси интернэшнл» коммерциялық емес тәуелсіз ұйымының статистикасына сүйенер болсақ, бұл тізімдегі мемлекеттердің ондағы алатын орны американдық стандарттағы демократияның, экономикалық даму деңгейіне немесе халықтың әлеуметтік қорғалу дәрежесіне де қатысты емес екендігіне көз жеткізуге болады. 2010 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан онда 105-ші орынды иемденді. Әрине, бұл көрсеткіш басқа ТМД мемлекеттерімен салыстырғандағы әлдеқайда жоғары. Сондай-ақ, өзіңіз айтпақшы, Ішкі жалпы өнім мен әлеуметтік көрсеткіштер бойынша әлдеқайда төмен тұратын Гватемала, Тринидад пен Тобаго, Колумбия секілді мемлекеттер сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша Қазақстаннан алда тұрғаны рас.

Сыбайлас жемқорлықтың орын алуына ықпал ететін факторлар әралуан. Оны емдеудің бірегей іс-шарасын әлі ешкім жасап шыққан жоқ. Әлемдік тәжірибеге және онымен күрестің өз елміздегі тарихына көз жүгіртер болсақ, қоғамдағы әділдік ұғымы заңдылықпен қаншалықты сәйкес болса, сол қоғам жемқорлық секілді індеттен соғұрлым азат болатыны ақиқат. Ресей ерекшелігін үнемі саралаудан танбайтын қазіргі қоғамдық пікір жемқорлық мәселесіне келгенде, осы тұжырымды басыбүтін мойындайды. Олардың пікірінше, көпшілік мойындайтын әділдіктің барлығы заңды және заңды нәрсенің бәрі әділ болмауы да мүмкін. Жемқорлықты ауыздықтап ұстап отырған еуропалықтар үшін әділдік пен заңдылық синоним ұғымдар.

— Осы тұрғыдан алғанда «әділеттіктің алтын ғасыры» болып есептелінетін 17-18 ғасырлардағы өз тарихымызға қайта көз жүгірткен жөн шығар?

— Әрине, Тәуке хан негізін салған «Жетi жарғының» заңдары салтанат құрған көшпелі қоғамда кез келген заң бұзушылық, дау-таластар салт-дәстүрді басшылыққа алатын. Олар мемлекеттік деңгейде мойындалатын, әділ әрі жария түрде өтетін ашық сот талқысына салынды. Онда қазіргідей үкімді орындауға қатысты органдардың мүлдем болмауына қарамастан, билер сотының шешімі ақиқаттың соңғы инстанциясы ретінде тұтастай мойындалатын еді. Қоғамдық пікірдің тұжырымдамасы іспетті «Тура биде — туған жоқ, туғанды биде — иман жоқ» деген халық мақалы қалыптасқан заманда — парақорлық сол кездегі заң тұрғысынан ғана емес, моральдық-этикалық нормалар тұрғысынан да үзілді-кесілді айыптауға ұшыраған. Мемлекеттік билікті жүзеге асырушылардың әділдігі мен адамгершілік қасиеттері ең бірінші орында тұрғандықтан, халқымыздың жадында бұл кезең «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» ретінде сақталып қалды.

— Кеңес одағы құлап, Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған соң жемқорлыққа қарсы күрес қалай жүргізілді?

— Қазақстанда жемқорлыққа қарсы күрестегі жекелеген іс-шаралар мемлекет егемендік алған мезеттен басталып, ел экономикасын қалыптастырған 1993-1998 жылдардан бері жүйелі түрде жүргізіле бастады. Осы күрестің оң нәтижелері де аз емес, кейбір жетістіктеріміз әлемдік деңгейде мойындалғанын да атап өтуге болады. Халықаралық деңгейде қолданысқа ие болған, Еуро Кеңес қабылдаған 24-ші резолюцияға сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күрестің 20 қағидасының барлығы да бүгінгі таңда Қазақстанда жүзеге асырылды, немесе жүзеге асу үстінде.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жүргізу үшін 1998-2000 жылдары бірқатар заңдық және институционалдық жұмыстар жүйеге қойылды. 1998 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заң қабылданды. Осы жылдары Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік құрылды. Алғаш рет 1999-2000 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлықпен күрестің мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексі бекітілді. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этиканы сақтауы және жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша комиссия жұмыс жасайды. Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі құрылған. Жемқорлықпен күрес құралдары басқа елдермен салыстырғанда аз уақыт шеңберінде қалыптастырылып, оны жетілдіру әлі де жалғасып келеді.

Қазақстанның жемқорлықты қабылдау индексіне өте тиімді ықпал еткен 2009 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мемлекеттік тапсырыстарды электронды түрде сатып алу порталын іске қосу болды. Тәжірибе көрсеткендей, Сингапур, Оңтүстік Кореяда алғаш қолданыла бастаған бұл жүйе парақорлықпен күресте орасан зор табыстарға әкелді, біздің елімізде оның жүзеге асқанына 2 жыл ғана болса да, электронды сатылымдар мемлекеттік тапсырыстар саласындағы айқындыққа, ашықтыққа алып келді. Кез келген кәсіпкердің мемлекеттік тапсырыстарға қол жеткізуіне мүмкіндік туды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жемқорлықпен күрес мәселесіне көпшілік алдында сөйлеген сөзінде үнемі тоқталып өтеді, Президенттің жеке бастамасымен парақорлықты алауыздықтаудың сапалық деңгейі де артты. Жемқорлықпен байланысты ашылған қылмыстар үкіметтік ақпарат құралдарында жедел әрі бүкпесіз жарияланады, ал БАҚ, үкіметтік емес ұйымдар тарапынан оны жария түрде әшкерелеу осы бір келеңсіз құбылысқа қоғамдық бақылауды күшейтті. Осы іс шаралар қазіргі мемлекет пен қоғам арасындағы тығыз байланысты тиімді етіп қана қоймай, болашақ мемлекеттік қызметкерлерді тәрбиелеуде оң нәтиже береді деп күтуге болады.

— Халықаралық тәжірибеде жемқорлықпен тиімді күрестің тағы бір көрсеткіші міндетті тексерілетін мемлекеттік лауазымды тұлғалардың есептілігі десек дұрыс шығар. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүргізіліп жатыр?

— Әрине, жыл сайын мемлекеттік қызметкерлер тапсыратын кірістер жөніндегі декларация бойынша тексеру жұмыстары мен қоғамдық бақылау әлі де жетілдіруді талап етеді. Онда азаматтардың өтінімдерін мемлекеттік шенеуніктердің қарау үдерісін интернет арқылы жүзеге асырудың да маңызы өте зор. Азаматтардың өтінімдерін, талап арыздарын қарастыруда жоғары технологиялық мүмкіндіктерді пайдалануды жетілдіру бүгінгі таңда басты міндеттерінің бірі болып отыр. Азаматтардың өтініштерін қарастыру бойынша 2007 жылы қабылданған заң қазір кең қолданыс тауып, қалтқысыз қызмет атқаруда. Ал оның технологиялық жағын қарастыратын «Электронды үкімет» бағдарламасы жүзеге асырылғанмен, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді жүзеге асыруда бұл бағдарлама өзінің шын мәніндегі қызметін жалпылық сипатта атқара алмай отыр.

Үлгі ретінде басшылыққа алатын Сингапур, Финляндия, Оңтүстік Корея, Қытай мемлекеттерінде сыбайлас жемқорлықпен жүйелі түрдегі күрестің кем дегенде 60 жылдан аса тарихы бар. Ал Қазақстанның парақорлықпен мемлекеттік деңгейдегі күресіне 20 жыл да болған жоқ. Дегенмен, Қазақстанның 2010 жылы әлемдік рейтингте бұрын соңды болмаған табыстарға жетуі таңдаған жолымыздың дұрыстығын айғақтап, мемлекет, қоғам тарапынан ымырасыз ұстанымымызды нығайта түседі. Сыбайлас жемқорлықтан неғұрлым «таза» мемлекеттер «жеке тұлғалардың сыбайлас жемқорлыққа қатысты әрекет жасауға мүмкіндіктерін, жағдайларын болдырмауға мейлінше тырысу» қағидасын ұстанады. Осы деңгейдегі күрес алдағы болашақтың міндеті болмақ, ал бүгінде сыбайлас жемқорлық атты қоғамдық індетті алауыздықтаудың заңдық және институционалдық негіздері, құралдары Қазақстанда толықтай қалыптасып, өз тиімділігін де дәлелдей бастады.

Соңғы жаңалықтар