Жарияланды: 740

Қазақстан телекоммуникациялық қауымдастығы салалық кәсіпорындарға қатысушы шетелдік үлесті азайтуға қарсылық білдіреді

Қазақстанның ұлттық телекоммуникация қауымдастығы Елбасы мен ҚР парламентіне хат жолдап, онда салалық кәсіпорындарға қатысушы шетелдік үлесті шектеуге негіз болғалы отырған "Байланыс туралы" және "Ұлттық қауіпсіздік туралы" заңдарға енгізілетін түзетулер жобасын қабылдамауды өтінді. Бұл туралы бүгін, 18-желтоқсанда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанның ұлттық телекоммуникация қауымдастығының президенті Радильда Хасенов

хабарлады. ҚР парламентіне ұсынылған түзетулер жобасына сәйкес, салалық кәсіпорындарға тікелей немесе жанама үлес қосушы шетелдік компаниялардың үлес-салмағы 49 процентке дейін шектелуі мүмкін. Осындай түзету енгізуді қолдаушы топтың ұстанып отырған басты аргументі - ұлттық қауіпсіздік мүддесін сақтау және байланыс операторларын құқық қорғау мекемелерінің жедел-іздестіру шаралары жүйесіне қатыстыру қажеттігіне саяды. Ал Р.Хасеновтың пікірінше, мұндай шектеу саланың болашақ дамуына айтарлықтай тежеу болмақ. Байланыс қызметін көрсетуге бірінші лицензия берілген 11 жылдан бері Қазақстанның ашықтығы арқасында байланыс рыногы негізінен шетелдік инвестициялар мен инновациялардың арқасында қарқынды дамыды. Осы мерзімде салаға 1 млрд. доллардан астам инвестиция жұмсалды. Рынок өсімі жыл сайын 17-20 процентті құрады. Ұлттық индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде алдағы 5 жылда салаға 1-1,2 млрд. доллар көлемінде инвестиция салынады деп межеленген. Ал алдағы кезеңде рынок өсімі оза ілгерілеген жағдайда аталған инвестиция көлемі одан әрі арта түспек. Ондай атты күн туса, Қазақстандық қаржылық институттар саланы жеке дара қаржыландыра алмай қалады. "Қар Тел" ЖШС-нің маркетинг жөніндегі директоры Төлеген Босжановтың айтуынша, жоғарыдағыдай шектеу енгізу - кәсіпорынға алынған активтердің өтімділігін азайту арқылы болашақ инвестицияларға арналған құралдарды азайту деген сөз. Соның салдарынан Қазақстанның телекоммуникация рыногының жалпы инвестициялық тартымдылығы төмендеп, оның өсу қарқыны бәсеңдейді, отандық кәсіпорындардың жаңа жобаларға тікелей тәуелді техника саласындағы артта қалғандық деңгейі арта түседі. Сондай-ақ, байланыс сапасының төмендеуіне, ал бұған керісінше бағаның қымбаттауына байланысты тұтынушылар да зардап шекпекші. "White&Case" заңгерлік компаниясының басқарушы әріптесі Юрий Мальцевтың пікірінше, жоғарыда аталған түзетулер шетелдік капитал үшін өз рыногын айқара аша бастаған Қазақстанға мүлдем тән емес. Сол себепті Қазақстанның жалпы инвестициялық тартымдылығы төмендеуі мүмкін деген қауіп бар.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін