Қырғызстан Республикасы президентінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, Ө.Өзбеков Қазақстан Республикасы үкіметінің өкілдері Қырғызстанға осы аптаның аяғына таман келеді деп хабарлады. Келіссөздер барысында екі жақты ынтымақтастық және Қырғызстанға қаржылай көмек көрсету мәселелері сарапқа салынады.
Елшімен кездесуде Қ.Бакиев Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қырғызстан басшылығы тарапынан жасалған өтінішке жедел жауап қайырғаны үшін ризашылық білдірді. Қ.Бакиев республиканың жаңа үкіметі Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың қарқынды дамуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды деп сендірді.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 24-25-наурызда болған бейберекетсіздіктер салдарынан Қырғызстан 100 млн. доллар шамасында ауқымды экономикалық шығынға ұшырады. Осыған байланысты 13-сәуірде Қ.Бакиев Н.Назарбаевқа қайырымдылық көмек көрсету туралы өтініш жасады. Қырғызстанда қазір көктемгі егіс нуқанына байланысты жанар-жағармай, табиғи зілзалалардың залал-зардаптарын жоюға арналған қаржы мен дәрілік препараттар тапшылығы сезілуде. Өз кезегінде Н.Назарбаев республика үкіметіне Қырғызстанға азық-түлік пен материалдық-техникалық көмек көрсетуге шұғыл шаралар қолдану туралы тапсырма берді. Көршілес елге Қырғызстан үкіметінің кепілдігі бойынша мемлекеттік несие беру мүмкіндігі ұсынылды.