Халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейтін әмбебап келісімдерге негіз болған қазіргі бар тетіктерді пайдаланған жөн, деді министр. Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі келісімді қалған 11 мемлекет түгелдей бекітіп күшіне енгізуі үшін тек саяси табандылық қажет, деді ол.
Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге қатысушылар үшін былтырғы жыл ауыр жыл болды, жетінші шолу конференциясы ядролық қарудан үзілді-кесілді бас тартқан елдердің үміт-сенімін ақтай алмады, деп атап өтті Қ.Тоқаев. БҰҰ саммитінің қорытынды құжатына қару-жарақты жою және оны таратпауға байланысты аса маңызды пайым-ережелер енгізілмеді.
Министрдің пікірінше, қару-жарақты жою және оны таратпауға қатысты келіссөздер мейлінше саясиланып кетті , ал бұл — ғаламдық қауіпсіздік жүйесінде терең дағдарыстың белең алғанын паш етеді. Кейбір мемлекеттердің өз ұлттық қауіпсіздігін басқалардың мүддесіне кереғар жолмен қамтамасыз етуге бағытталған талпыныстарының салдарынан келіссөздер тығырыққа тірелуде.
Кейінгі кездері ядролық қарудың бақылаусыз таралуына және ондай қарудың халықаралық лаңкестердің қолына түсіп кету мүмкіндігіне қатысты қазіргі заманғы қауіп-қатерлер күшейе түсті, деді Қ.Тоқаев. Стратегиялық тепе-теңдіктің бұзылу қаупі нақты сипатқа көшті. Бұл қару-жарақтың соңынан түсу құбылысын тіптен қоздыра түспек.
Осындай қауіпті жою үшін дүниежүзілік қауымдастық барлық деңгейдегі іс-әрекеттерін өзара үйлестіруге тиіс, деді ҚР СІМ.
Министрдің пікірінше, келісім күшіне енгенге дейін ядролық сынақтар өткізуге жарияланған мораторийдің бұзылуына жол бермеудің, сондай-ақ, ыдырағыш материалдарды әскери мақсатта өндіруге тыйым салу жөніндегі келіссөздерге бірден кірісудің маңызы зор.
Қазақстанның осы мәселеге қатысты міндеттемелеріне тоқталған Қ.Тоқаев еліміздегі ядролық мақсаттағы барлық іс-әрекеттердің Халықаралық атом энергиясы агенттігінің стандарттары мен бақылауы аясында жүзеге асырылатынын атап өтті. Қазақстан аумағында жұмыс істейтін ядролық нысандар халықаралық мониторинг жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады.
Қазақстанның бас дипломаты БҰҰ-ның бас мінберінде биыл Қазақстан аумағынан ең соңғы ядролық оқтұмсықтың шығарылғанына 10 жыл толғанынан құлағдар етті. Қазақстан дүниежүзінде 4-ші орын иемденетін аса ірі ядролық арсеналды жойып, барлығы 500-дей ядролық сынақтар жүзеге асырылу салдарынан 1,5 млн. адам зардап шеккен Семей ядролық сынақ полигонын жауып, әлемге үлгі болуға лайықты сындарлы қадамға барды. Полигонға қарасты болған ұшы-қиырсыз аумақ әлі де талай жылдар бойы адамдардың өмір сүруіне қауіпті болып қала бермек.
ҚР СІМ беделді форумға қатысушыларды Қазақстандағы Семей өңірін сауықтыру жөніндегі Бас ассамблеяның резолюциясын қолдауға шақырды.
«Дүниежүзілік қауымдастық сынақтардан зардап шеккен аймақ тұрғындарының мұқтаждығын қамтамасыз етуге бағышталған ағымдағы көмек бағдарламаларын жүзеге асыруды одан әрі жалғастырады деп біз сенеміз»,- деді Қ.Тоқаев.
i>Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті