Қазақстан және Ауғанстан президенттері өзара қарым-қатынас негіздері мен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан және Ауғанстан президенттері өзара қарым-қатынас негіздері мен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

Қазақстан және Ауғанстан президенттері өзара қарым-қатынас негіздері мен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

Бүгін, 15-сәуірде Ауғанстан Өтпелі Ислам мемлекетінің президенті Хамид Карзай ресми сапармен Астанаға келді. Ресми күтіп алу салтанатынан кейін президент сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Х.Карзайдың жеке сұхбаты өтті,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі республика Елордасынан.

  • 15 Сәуiр 2004
  • 1670
Фото - Caravan.kz

Сұхбат барысында екі мемлекет басшысы өзара қызығушылық танытылып отырған кең көлемді мәселелер топтамасы бойынша пікір алмасты. Атап айтсақ, Орталық Азия аймағында лаңкестік, діни экстремизм, есірткі саудасы және заңсыз көші-қон қаупіне қарсы тұру тақырыптары талқыланды.

Екі мемлекет басшысы аймақтық қауіпсіздік саласында екі жақты ынтымақтастықты дамыту жолдары, соның ішінде есірткілік заттардың заңсыз айналымы мен халықаралық лаңкестіпен күрес мақсатында Қазақстандық және Ауғанстандық арнайы қызметтердің өзара ынтымақтастығы туралы әңгіме өрбітті.
Тараптар сондай-ақ, халықаралық ұйымдар мен Азиядағы өзара сенім және ықпалдастық шаралары жөніндегі ұйым шеңберінде аймақ елдері арасындағы байланысты жандандыру қажеттігін атап өтті.
Екі жақты сауда-экономикалық қарым-қатынасты пәрмендендіруге бағытталған шараларды айқындау мәселесі де келіссөздер барысында басымдық берілген тақырып болды. 2003-жылы Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сыртқы сауда айналымы 49,5 млн. долларды, импорт 0,4 млн. долларды құраған. Қазақстан негізінен Ауғанстанға астық, ұн, жанар-жағармай, ағаш және металл экспорттады. 2002-жылдың тамыз айында Қазақстан Ауғанстан еліне 3 мың тонна бидай түрінде қайтарымсыз қайырымдылық көмек жөнелтті.
Кездесу барысында Қазақстан президенті Халықаралық қоғамдастық тарапынан Ауғанстанды қалпына келтіру мақсатында ұсынылып отырған жұмыстар мен жобаларға толыққанды атсалысуға қызығушылық танытты. Соғысқа дейін де Ауғанстандағы бірқатар қалпына келтіру жобаларына атсалысқан Қазақстанның тәжірибесін қайтадан жандандыру ұсынылды. Соның ішінде көлік және коммуникация, энергетикалық инфрақұрылым, ирригациялық кешендер мен шикізат өндіру өнеркәсібінің нысандарын қалпына келтіру тәжірибесін пайдалануға болады.
Қазақстан президенті сондай-ақ, Ауғанстандағы қазақ диаспорасына қатысты мәселені қозғады. Атап айтсақ, ондағы қандастарымызды тарихи отанына кері қайтару шарттары талқыланды.
Кеңейтілген құрамдағы келіссөздердің соңында Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы қарым-қатынас негіздері мен ынтымақтастық туралы келісімге, және өзара сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды.
Ертең, 16-сәуірде Х.Карзай Отан қорғаушылар есткерткішіне гүл шоқтарын қойып, Мемлекет басшыларының аллеясында ағаш отырғызумен бірге президенттің мәдени орталығы мен «Бәйтерек» кешенін аралайды.

Соңғы жаңалықтар