Құжаттарға қол қойылғаннан кейін журналистермен жүздескен ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао : «Қытай қазір қуат көздерінен едәуір тапшылық көріп отыр. Тек өткен жылы шетелдерден елімізге 80 млн. тонна шикі мұнай әкелінді»,- деп хабарлады.
Осы орайда Қытай басшысы мұнай және көгілдір отынның бай қоры бар, оны шетелдерге экспорттауға әлеуеті жететін Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытудың маңызын жоғары бағалады.
Сонымен бірге Ху Цзиньтаоның пікірінше, екі ел арасындағы көлік және коммуникация саласындағы ынтымақтастықтың да болашағы зор. «Қытай өз тауарын Қазақстан аумағы арқылы Еуропаға шығарса, Қазақстан өз кезегінде Қытайдың шығыс аудандары мен Шыңжан арқылы теңізге шығу мүмкіндігіне ие болады»,- деді ол.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясының Қазақстанға енгізген инвестиция көлемі 700 миллион долларды құрағанын еске сала кетті. Сонымен бірге Қазақстанға Қытайдан тепловоз құрастырып сату туралы құны 400 мың долларды құрайтын келісімге қол қойылғанын хабарлаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы ынтымақтастықтың келшегіне нық сенім білдірді.