Жарияланды: 620

Қазақстан Жапониямен инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Юдзо Харада мырзамен кездесті.

Мәжіліс Төрағасы мейманның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінің басталуымен құттықтап, екі ел арасындағы игілікті ісіне табыс тіледі. Ю.Харада 2010 жылы қыркүйек айында Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елші қызметіне кірісті. Өткен жылы 23 қараша күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамотасын табыс етті. Орал Мұхамеджанов Қазақстан Жапониямен арадағы байланыстың дамуына айрықша мән беретінін айтты. Жапон елі біздің елдің Қиыршығыс аймағындағы саяси және экономикалық сенімді әріптесі саналады. Қазақстан Орталық Азия мәселелерін шешуге ықпал етуге тырысқан Жапонияның саясатын қолдайды. Мәжіліс Төрағасы «Орталық Азия + Жапония» үнқатысу алаңының өріс алуына тілектестігін білдірді. Жапония Қазақстан­ның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) сияқты өзара келісім мен бейбітшілікті сақтауға бағытталған бастамаларын жоғары бағалайды. Ал Қазақстан өзі та­ра­пынан Жапонияның БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесіне тұрақты мүше болуына қолдау білдіруде. Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың 2008 жылғы маусымдағы Токиоға жасаған ресми сапары екіжақты қарым-қатынастың дами түсуіне серпін берді. Палата жетекшісі Елбасы сапары барысында көптеген маңызды келісімдерге қол қойылғанын, соның бірқатары бүгінгі таңда нақты жүзеге асып отырғанын айтты. Халықаралық деңгейде іске асқан ынтымақтастық келісімнің бірі - ядролық қаруды жою және таратпау жөніндегі бірлесе көтерген бастама. Жапония Семей сынақ аймағына қатысты 90- жылдардың соңында БҰҰ қабылдаған резолюция авторларының бірі екені анық. Содан бергі кезеңде жапон тарабы аталған өңірді қалыпқа келтіруге қолдау көрсетіп келеді. Кездесуде несие бөлу мен инвестиция мәселелері сөз болған тұста Орал Мұхамеджанов Жапонияның қолдауымен Қазақстанда Ертіс өзеніне көпір салынғанын, Астананың халықаралық әуежайы жаңартылғанын, автокөлік жолдары мен өзге де нысандар жөнделгенін тілге тиек етті. Екі ел арасындағы сауда айналымы 2010 жылы 1 млрд доллардан асты. Ал ел экономикасына инвестиция салу бағытында әлі де пайдаланылмаған мүмкіндіктер бар екені айтылды. Қазақстан жапон елімен өзара тиімді инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Тараптардың стратегиялық ынтымақтастығына екі ел парламентшілерінің де қосар үлестері аз емес. Өткен жылы күзде Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған Қазақстан парламентшілерінің Жапонияға барған сапары парламентаралық байланысты дамытуға негіз болды. Ал үстіміздегі жылы мамыр айында елордамызда өткен IV Астаналық экономикалық форум жұмысына қатысуға келген Жапонияның бұрынғы Премьер-министрі және аталған елдің Қазақстанмен достықты нығайту жөніндегі парламенттік лигасының төрағасы Юкио Хатояма мырза мен ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов кездесті. Наурыз айында Жапонияда орын алған табиғат апатына байланысты Күншығыс елінің парламентшілеріне көңіл айту жеделхаты жолданған болатын. Сонымен қатар Қазақстан жапон халқына гуманитарлық көмек көрсетті. Алапат апат пен басқа түскен қиындыққа төзе білген ел әлемге үлгі болды. «Біз жапон халқының ерлігіне тәнті болдық!»,- деді О. Мұхамеджанов. Табиғат апатының зардаптарын жойып, қалыпты өмір жолына түсетіндігіне сенім білдірді. Елші қиын кезеңде қолдау жасаған Қазақстанға жапон халқы атынан алғысын жеткізді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть