Қазақстан Журналистер одағы жабылу қаупі туып отырған бұқаралық ақпарат құралдарын қорғауға дайын
Қазақстан Журналистер одағы Алматы прокуратурасының 40 шақты оппозициялық бұқаралық ақпарат құралын жабу туралы шағымын қуаттамайды. Сот бола қалған жағдайда одақ журналистерді қорғауға дайын, деп «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне ҚЖО басшысы Сейітқазы Матаев мәлім етті. |
«Бұл басылымдар мемлекеттік тіркеуден өткен. Сондықтан, олардың басылып шығуға құқы бар. (...) Мен прокуратураның шешімін мақұлдамаймын, әрине. (...) Сотта біз оларды міндетті түрде қорғаймыз», - деді С.Матаев.
Бүгін Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков Алматы прокурорларының 8 газет пен 23 интернет-басылымды, «Республика» және «Взгляд» басылымдары мен олардың интернет-ресурстарын, шетелдік К+ және StanKZ телеарналарын жабу туралы шағым түсіргенін хабарлаған болатын.
Оның айтуынша, аталған шағымдар әлеуметтік алауыздық тудырып, билікті күштеп құлатуға шақырды және ұйымдасқан қылмыстық топ құру ісіне жетекшілік етті деп айыпталған «Алға» партиясы жетекшісі Владимир Козлов, Серік Сапарғали мен Ақжанат Әминовке қатысты сот үкімінің күшіне енуіне байланысты жазылып отыр.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін