Жарияланды: 520

Қазақстан журналистерінің конгрессі мәжілісте өз фракциясын құруды мақсат тұтады -Д.Назарбаева

Қазақстан журналистерінің конгрессі мәжілісте өз фракциясын құруды мақсат тұтады. Қазақстан журналистері конгрессі атқару комитетінің Қарағандыда өткен көшпелі мәжілісінде аталмыш комитет төрайымы Дариға Назарбаева осындай пікір білдірді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Д.Назарбаеваның атап көрсеткеніндей, мәжіліске сайланған депутат-журналистер парламентте журналистер қоғамдастығының мүддесін қорғай алады. Алдағы парламент сайлауына журналистердің, соның ішінде "Асар" партиясына мүше журналистердің аты кандидат ретінде ұсынылмақшы. Қазақстан журналистері конгрессі атқару комитетінің төрайымы сондай-ақ, ұйымның алдағы уақытқа межелеген міндеттері мен жоспарларына тоқталды. "Біздің басты мақсат - қуатты әрі кәсіби қазақстандық ұйымның негізін қалау болып табылады",- деді Д.Назарбаева. Ол бүгінге дейін Қазақстан журналистері конгрессінің жұмысына көбінесе шетелдік халықаралық ұйымдардың баса назар аударып келгенін, шетелдік мүдденің ұлттық мүддемен ұдайы қабыса бермейтінін атап көрсетті. Д.Назарбаеваның пікірінше, өткен жыл Конгресс үшін өзгерістерге толы кезең болды. "Біз әріптестеріміз тарапынан сенімге ие болып, қатарымыз толықты",- деді ол. Қазақстан журналистері конгрессі атқару комитетінің көшпелі отырыстарын еліміздің түрлі қалаларында өткізу дәстүрін комитет төрайымы қай жаққа да тиімді дәстүр деп атады. "Біз бүгінге дейін Қазақстанның 10 қаласында болдық. Атқару комитетінің мүшелері болып табылатын менің әріптестерім еліміздегі ахуалмен кеңінен танысып, әріптестерімен байланыстар орнатуда". Конгресс редакторлар, журналистр мен әкімшілік өкілдерін шақыра отырып еліміздің әрбір қаласында кеңейтілген отырыстар өткізіп келеді. Д.Назарбаеваның пікірінше, "өзара тікелей пікір алмасу арқылы осындай кездесулерде көптеген мәселенің шешімін табуға болады". Конгресс атқару комитетінің Қарағандыда өткен отырысында журналист мамандарды дайындау, аудандық баспасөз тауқыметтері сынды өзекті тақырыптар талқыланды. Кездесуге қатысып сөз сөйлеген Қарағанды облысының әкімі Камалтин Мұхамеджанов бұл өңірде 188 БАҚ тіркелгенін, атқарушы билік олардың ешқайсысына да жеке шарт қойып, өктемдік көрсетуге талпынбайтынын мәлімдеді. "Біздің облыста сын тезіне салғаны үшін журналисті қудалау дерегі бірде-бір мәрте тіркелген жоқ, бұдан былай да тіркелмейді",- деді К.Мұхамеджанов. Бүгін сондай-ақ, "Асар" партиясының лидері ретінде Д.Назарбаева Қарағанды қаласында партияның белсенді мүшелерімен кездесті.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін