Қазақстан-Беларусь ынтымақтастығының көкжиегі кеңейе түспек - апталық шолу - kaz.caravan.kz
  • $ 474.26
  • 514.48
+31 °C
Алматы
2024 Жыл
12 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан-Беларусь ынтымақтастығының көкжиегі кеңейе түспек - апталық шолу

Қазақстан-Беларусь ынтымақтастығының көкжиегі кеңейе түспек - апталық шолу

Осы аптада елдің бүкіл тыныс-тіршілігін бақылап қана қоймай даму арнасына түсіру үшін еңбек ететін Үкіметтің жұмыс аптасы барынша қауырт болды.

  • 9 Қараша 2012
  • 534
Фото - Caravan.kz

Дегенмен солардың арасындағы ең өзектісі — Беларусь Премьер-Министрі Михаил Мясниковичтің елімізге сапарлап, қазақстандық әріптесі Серік Ахметовпен кездесуі болғандығы сөзсіз. Өйткені Кеден одағы аясындағы серіктес мемлекетпен арадағы барлық сала байланыстары күн сайын өркендеуде. Сонымен қатар бұған дейін бұл ел Қазақстанмен ғарыш саласында ынтымақтасуға ниет жасап, Ресей мен Беларусьтың бірыңғай электр энергиясы нарығына қосылуға ұсыныс жасаған да еді. Ал бүгінгі М.Мясниковичтің С.Ахметовпен кездесуінде негізінен химия, ауыл шаруашылығы техникасы салаларындағы ынтымақтастық пен екі ел арасындағы сауда-саттық көлемін арттыру мәселесі сөз болды. Мұны олар баспасөз мәслихатында да қуаттай түсті. Айта кетерлігі, ҚР Үкімет басшысы Серік Ахметов пен Беларусь Премьер-Министрі Михаил Мясникович бүгінгі келіссөздердің қорытындысы бойынша тиісті хаттамаға қол қойса, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев және Беларусь Өнеркәсіп министрі Дмитрий Катеринич ведомствоаралық, ауыл шаруашылық және коммуналды техникалық бірлескен қазақстандық-беларустық индустриялық-технологиялық парк құру туралы меморандумды рәсімдеген еді. Сондай-ақ ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев пен Беларусь Салық және алымдар министрі Владимир Полуян салық заңдарын сақтау мәселелері бойынша ынтымақтастық және өзара көмек туралы үкіметтік келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков пен Беларусь Орман шаруашылығы министрі Михаил Амельянович ведомствоаралық орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді, «Қазақтелеком» АҚ-ның басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев және «Герсис Софтвер» ЖШС бас директоры Михаил Чупринский компаниялар арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумды бекіткен еді.

«Біздердің өзара сауда-саттығымызға ешқандай да кедергі жоқ, сауда режімдеріміз толығымен келісілген. Біздер заңнамаларымызды толығымен үндестіру үшін басқа да міндеттерді шешудеміз әрі таяу уақытта тағы да қосымша келісімдерге қол қойылатын болады», — деп атап өтті Беларусь Үкімет басшысы баспасөз мәслихатында.

Расында да Кеден одағын құрып, Бірыңғай экономикалық кеңістікке қадам басқан үш елдің арасындағы сауда-саттық көлемі жыл сайын артып келе жатыр. Мәселен, 2010 жылы осы елмен Қазақстанның өзара сауда көлемі 55,8 пайыз өсім көрсетсе, 2011 жылы жылы Ресей және Белорусьпен өзара сауда өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 30,2 пайызға өсіп, еліміздің жалпы тауар айналымының 19,4 пайызын құрады. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында да өсім қарқыны анық байқалуда. Нақты айтқанда, Қазақстанның Кедендік одақ елдерімен сыртқы сауда көлемі 40 пайызға артып, 16,5 млрд долларды немесе еліміздің жалпы тауар айналымының 18,5 пайызына жетті. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Беларусь елдері арасындағы өзара сауда-саттық шамамен 800 млн. долларға жуықтап, 17 пайыз өсім көрсетті. Ал бұл көрсеткішті одан әрі ұлғайта түсуге екі мемлекеттің де мүмкіншіліктері жеткілікті. Мұны С.Ахметов те баса айтты. Кедендік одақ, Бірыңғай экономикалық кеңістік, Ресейдің ДСҰ-ға енуі, үш елдің арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасқа түзетулер енгізетіндігін айта келе ол: «Біздердің арамыздағы тауар айналымы шамамен 800 млн. долларды құрайды. Ал елдеріміздің зор әлеуеті үшін, әрине, бұл жеткіліксіз. Сондықтан да екі елдің де үкіметтеріне таяу уақытта тауар айналымын миллиардқа, жеткізу және одан әрі оны екі, тіпті үш есе ұлғайту міндеті қойылды», — деді.

Айта кетерлігі, М.Мясниковичтің пайымынша, келешекте жүзеге асырылатын әрі қазіргі іске қосылған жобалар Бірыңғай экономикалық кеңістіктің арқасында пайда болуда. Егерде елдер арасында басқа сауда режімі орнаған болса, онда көптеген бірлескен жобалардың жұмысында тосқауылдар болып, шығарған тауарларын нарыққа шығаруда кедергілер туындар еді. Ал Қазақстан мен Беларусь елдері бірлесіп жүзеге асырғалы отырған химия саласына қатысты жоба өнімі Бірыңғай экононмикалық кеңістікпен қатар үшінші елдердің нарығына да еш кедергісіз еркін шыға алатын болады. «Қазақстан өз капиталдарын, өндірістерін әртараптандыруды әрі «Могилевхимволокно» базасында үлкен заманауи акционерлік қоғам құруды жоспарлап отыр. Бұл жоба шамамен 1 млрд. АҚШ долларына бағаланады. Ол Қазақстанның да, Беларусьтың да экономикасын барынша жақсартуға мүмкіндік беретін болады. Бұл Бірыңғай экономикалық кеңістік нарығына ғана емес, сонымен қатар үшінші елдерге де негізделген ірі еуразиялық жобаға айналады», — деді Беларусь Премьер-Министрі.

Сонымен қатар оның айтуынша, ауыл шаруашылығы технологияларын шығаруда да екі ел бірлесе жұмыс істеуге бел шеше кіріспек. Яғни, елдер қарабайыр құрастыру үдерісінен бас тартып, алып жүк көліктерін, автомобильдер, астық жинайтын комбайндар, тракторлар шығаратын зауыт салмақ. Бұл ретте беларусь тарабы қажетті технологиялар, құжаттар берумен қатар қаржылай да қолдау көрсетуге құлшыныс танытып отыр. «ҚазБелАЗ» кәсіпорны үлгі болуы мүмкін. Сөз орайында айта кетейін, Михаил Владимирович ертең Қарағанды облысында болады. Ол машина жасау, автомобиль құрастыруды дамытуға жақсы қарқын беретін осы және басқа кәсіпорындарға атбасын бұрады», — деді өз кезегінде ҚР Үкімет басшысы С.Ахметов. Сонымен қатар ол қазірдің өзінде 5 бірлескен қазақстандық-беларусьтық кәсіпорын Индустрияландыру картасына енгізілгендігін, олар мемлекет тарапынан барлық қолдау шараларына ие болатындығын баса айтты.

Беларусь қазақ бизнесінің Еуронарыққа жол тартуына қолдау білдірмек

Түсе ауа екі елдің Үкімет басшылары Астанада өтіп жатқан ІІ Қазақстан-Беларусь бизнес форумы қатысты. Бизнесін дөңгелетіп, ел қазынасын еселеп отырған бизнес өкілдері алдында сөз сөйлеген С.Ахметов беларусь компанияларын еліміздің тау-кен саласындағы жобаларды жүзеге асыруға қатысуға шақыратындығын жеткізді. «Мен еліміздің бірқатар салаларындағы перспективалы жобаларды зерделеуді ұсынамын. Оның ішінде мен тау-кен саласын аса перспективалы әрі зор әлеуетке ие сала ретінде санаймын. Біз осы бағытта ынтымақтасуға әзірміз. Өзіміз де тау-кен орындарындағы мұндай жобаларға инвестиция салуға әзірміз», — деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар ол Қазақстан мен Беларусьтың ауыл шаруашылығының кез келген саласында бірлесе жұмыс істеуге зор мүмкіншіліктері бар екендігін атап өте келе, еліміздің беларусьтық инвесторларға инвестициялық қолдау көрсетудің барлық түрін ұсынуға дайын екендігін жеткізді. Оларға Қазақстанда құрылған 9 арнайы экономикалық аймақтың зор мүмкіншіліктерін пайдалануға да жағдай туғызылатындығын айтып өтті. Сөз соңында С.Ахметов: «Толықтай алғанда Қазақстан Беларусь экономикасына инвестиция құюға әзір. Бизнес ынтымақтастыққа, беларусьтық әріптестермен бірлесіп жұмыс істеуге, Қазақстанда да, Беларусьта да бірлескен кәсіпорын құруға дайын», — деді.

Өз кезегінде көптеген жобалардың қаржылай қолдаудың болмауы салдарынан тұйыққа тіреліп жататындығын айта келе М.Мясникович келер жылдан бастап екі елде де бірлескен кәсіпорын шығарған өнімдерді сатып алуда жеңілдетілген несие беру мәселесі Үкімет деңгейінде қаралатындығын ескертіп өтті.

Оның айтуынша, 10 жылдан бері Беларусьта жоғары технологиялар жұмыс істейді. Өткен жылғы оның экспорты шамамен 350 млн. долларды құраған. Осындай деректерді алға тартқан М.Мясникович келесі жылы ІТ-форум өткізуге ұсыныс жасады. «Бізде жоғары технологиялар паркі құрылды. Онда шамамен 100-ге тарта компания қызмет етсе, солардың басым бөлігі шетелдік немесе шетелдік капиталмен ашылғандар болып табылады. Осы ретте мен 2013 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанда, қазақстандық-беларустық ІТ-бизнес форумын өткізсек жақсы болар деп ойлаймын. Онда біз осынау прогрессивті дамып келе жатқан қызмет түрінің өзекті мәселелерін талқылауға кеңінен мүмкіндік алар едік», — деді ол.

Беларусь Үкімет басшысының пайымынша, екі елдің бизнесі тек ішкі нарыққа бағытталып қана қоймауы керектігін баса айта келе: «Біздің бизнес үшінші елдер нарығында да жайлы жұмыс істеуі керек. Осы үшін біз қазақстандық бизнес қауымдастыққа өзімізде бар экономикалық және географиялық басымдықты ұсынып, әріптестеріміздің бизнесін Еуроодақ нарығына жылжытуға қолдау жасағымыз келеді», — деді. Осы орайда М.Мясникович Қазақстан Үкіметінің басшысы Серік Ахметовке қазақстандық және беларусьтық кәсіпкерлердің өнімдерін, оның ішінде бірлескен кәсіпорындар арқылы үшінші елдердің нарығына ұсыну үшін жұмыс тобын құруды, оның құрамына министрліктер өкілдерімен қатар бизнес қауымдастығын енгізуді ұсынды.