Қазақстанда 1 мамырдан бастап не өзгереді - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+17 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстанда 1 мамырдан бастап не өзгереді

Қазақстанда 1 мамырдан бастап не өзгереді

Мамыр айында қазақстандықтарды біраз өзгеріс күтіп тұр.

  • 1 Мамыр 2021
  • 116
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz порталы Sputniknews.kz -ке сілтеме жасап хабарлайды.

Вакцина салдырғандар Қазақстанға ПТР-анықтамасыз кіре алады

COVID-19-ға қарсы вакцина салғызған Қазақстан азаматтары мен тұруға ықтиярхаты бар адамдар шекараны кесіп өту кезінде ПТР-анықтама көрсетпейді. Бірақ оларда вакциналау паспорты болуы қажет.

Тиісті қаулыға елдің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов қол қойды. Құжат 3 мамырда күшіне енеді.

Ал қалған азаматтардан теріс нәтижесі бар ПТР-тест талап етіледі. Анықтама үш тәулік бойы жарамды. Бес жасқа дейінгі балаларға анықтама қажет емес.

Вакциналау кезеңдерінің интервалы ұзартылды

Қазақстанда ресейлік "Спутник V" вакцинасының екінші дозасы бұрынғыдай 21 күннен кейін емес, 45 күн өткен соң егіледі.

Егер азаматтар белгілі бір себептермен II компонентті 45-ші күні салдыра алмаса (демалыс, мереке күндеріне сәйкес келу, басқа елді мекенге шығу және басқа), вакциналауды 90 күн ішінде жүргізуге мүмкіндік беріледі.

Бұл талап "Спутник V" вакцинасын 21 сәуірден бастап алған адамдарға қатысты.

Депозиттегі ақша зейнетақы шотына аударылады

Бүгіннен бастап лицензиядан айырылған банктерде депозиті бар адамдардың ақшасы зейнетақы шотына автоматты түрде аударылады. Бұл сома салымшының ерікті зейнетақы жарнасы саналады.

Есепшоттар автоматты түрде ашылып отырады. Егер салымшының ерікті зейнетақы жарналары есепке алынатын жеке есепшоты бұрыннан ашылған болса, онда кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы осы шотқа аударылады.

Дегенмен, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына өтініш жазып, талап етілмеген соманы қайтаруға болады. Сонда оны БЖЗҚ-дан кері аударып береді. Сөйтіп ақшаны пайдалануға немесе басқа банкке салуға болады.

Салымшылар өтінішті онлайн бере алады.

Мұндай мүмкіндік "Tengri Bank" АҚ салымшылары мен қазіргі таңда жойылу процесі алдында тұрған банктердің клиенттерінде ("Валют-Транзит Банк" АҚ, "Қазинвестбанк" АҚ, "Delta Bank" АҚ, "Qazaq Banki"АҚ, "Эксимбанк Қазақстан" АҚ" және "Астаны банкі" АҚ) пайда болады.

Ерікті зейнетақы жарналарына арналған шоттар

1 мамырдан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін шоттар автоматты түрде ашылады. Жеке зейнетақы шоттарын ашуға қорға түскен алғашқы ерікті зейнетақы жарнасы негіз болады.

Зейнетақы жарнасын жеке тұлға өзі үшін, жеке немесе заңды тұлғалар басқа біреу үшін аудара алады. Бұл ретте жарна мөлшері мен мерзімділігін салымшы өзі айқындайды.

Ерікті зейнетақы жарналарын екінші деңгейлі банктер немесе Қазпошта арқылы аударуға болады. Кейбір банктерде зейнетақы жарнасын онлайн аудару мүмкіндігі қарастырылған.

Бұдан бөлек, өз пайдасына ерікті зейнетақы жарнасын тұрақты аударып тұру үшін жұмыс берушінің атына өтініш жазуға болады. Соның негізінде жұмыс беруші жарнаны өтініш иесінің не үшінші тұлғаның шотына тұрақты түрде аударып отырады.

Елді мекендердің атауы өзгертілмейді

Бүгіннен бастап ұлттық халық санағын өткізуге байланысты елді мекендердің атауын өзгертуге мораторий жарияланды. Мораторий ауыл, кент, ауылдық округ, қаладағы аудан, қала, аудан, облысты құруға, таратуға және қайта құруға, сондай-ақ елді мекендердің құрамдас бөліктерінің атауына және оны қайта атауға байланысты болып отыр.

Осылайша 1 мамырдан 31 желтоқсанға дейін әкімшілік-аумақтық бірліктерді қайта атауға тыйым салынады.

Қазақстанда онлайн халық санағы 1 қыркүйекте басталып, 15 қазанға дейін жалғасады. Санақ арнайы sanaq.gov.kz сайтында жүргізіледі. Ал дәстүрлі санақ, яғни үй-үйді аралау 2021 жылдың 1-30 қазаны аралығында өткізіледі.

"Болашаққа" құжат қабылдау басталады


4 мамырда "Болашақ" халықаралық бағдарламасына құжат қабылдау басталады. Ол 28 қазанға дейін созылады.

Стипендияны тағайындау үш кезеңде – маусым, тамыз және қараша айларында өтеді.

Үміткерлер барлық құжатты электронды үкімет порталы арқылы тапсыра алады.

Қазіргі таңда халықаралық стипендияға іріктеу үш кезеңнен тұрады. Олар: кешенді тестілеу, тәуелсіз комиссиямен жеке сұхбат және республикалық комиссияның отырысы.

2021 жылы 1055 стипендия бөлінген. Соның ішінде 555 стипендия магистратура, резидентура және докторантураға бөлінсе, қалған 500-і шетелде тағылымдамадан өтетін ғалымдар үшін қарастырылған.

Жуырда республикалық комиссия 2021 жылдың басымды мамандықтарының тізімін бекітті. "Болашақ" стипендиясын тағайындау барысында осы тізім негізге алынады. Биыл оған жаңа мамандықтар еніп отыр. Мәселен, вирусология, робототехника, биотехнологтар, биологтар мен вакцинация саласындағы мамандарға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Жолақыны SMS арқылы төлеу тоқтатылады

1 мамырдан бастап Нұр-Сұлтанда қоғамдық көлікте жолақыны SMS жолдау арқылы төлеу қызметі тоқтатылады.

CTS көлік компаниясы түсіндіргендей, бұл шешім ұялы байланыс операторлары қызметінің жиі істен шығуына байланысты қабылданды.

Карантинге байланысты елорданың автобустарында жолақыны қолма-қол ақшамен төлеу тоқтатылған болатын.

Бүгінде жол ақысын көлік картасымен, сондай-ақ QR-код арқылы төлеуге болады. Ол үшін жолаушылар Transcard, Kaspi.kz, SMSBUS, Homebank, My Activ, My Beeline, Senim, Рахмет, Astra Bus, Plus24 (Касса24), Qiwi және OYB сияқты мобильді қосымшаларын қолдана алады.

Қант әкелуге баж салығы алынып тасталады

ЕАЭО елдеріне 2021 жылдың 15 мамыры мен 30 қыркүйегі аралығында ел аумағына қант алып кіруге баж салығын салмау түрінде тарифтік жеңілдік ұсынылады.

Қазақстанға – 134,4 мың тоннадан, Арменияға – 22,4 мың тоннадан, Қырғызстанға – 40 мың тоннадан, Ресейге – 350 мың тоннадан көп емес көлемде импортталатын қант кедендік баж салығынан босатылады.

Бұл шара шара қант бағасын төмендетуге ықпал етеді деп болжануда. Шілдеде де қосымша шаралар қабылдануы мүмкін.

Грузияға рейстер

FlyArystan компаниясы 2 мамырдан бастап Кутаисиге тікелей рейстер ашады:

  • Атыраудан – аптасына 2 рет;
  • Ақтаудан – аптасына 2 рет;
  • Нұр-Сұлтаннан – аптасына 2 рет.

Билет бағасы 24 999 теңгеден басталады. Әуе рейстері Airbus A320 ұшақтарымен орындалады.

Сонымен қатар Air Astana 15 мамырдан бастап Алматыдан Батумиге тұрақты рейстерді іске қосады. Рейс аптасына үш рет – дүйсенбі, сәрсенбі және сенбі күндері орындалады. Жолаушылар Airbus A320 ұшағымен тасымалданады.

Билет құны екі жаққа 131 мың теңгеден басталады.

Грузияға ұшатын адамдардан теріс нәтиже көрсетілген ПТР-анықтама талап етіледі. Анықтама оны алған сәттен бастап 72 сағат бойы жарамды.

Вакцина салғызған жолаушылар COVID-19-ға қарсы препараттың екі дозасын алғанын растайтын құжаты болған жағдайда, ПТР-анықтама көрсетпейді.

Анықтама ағылшын немесе орыс тілдерінде болуы шарт.

Алматыда зират жабылады

Алматыда 1 мен 10 мамыр аралығында зират жабық болады.

"Зират 1 мамырдан 10 мамыр аралығында жұмыс істемейді. Біз бұл мәселені талқылап қойдық. Осы күндері зиратта адам көп шоғырланбас үшін олардың келуін шектеу туралы шешім қабылдаймыз", — деді қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Бекшин брифингте.

Ол қала тұрғындарынан Радоница күнін неғұрлым қолайлы кезеңге ауыстыруды сұрады.

Биыл православ христиандарының марқұмдарды еске алуға арналған Радоница күні 11 мамырға түсіп тұр.

Соңғы жаңалықтар