Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік саясаттың негізгі міндеті және оның тиімділігінің басты өлшемі Қазақстан халқының әл-ауқатын ұдайы арттыру болып табылады. Елдегі кедейлік деңгейінің серпінді төмендеу үрдісі 2000-2005 жылдар кезеңінде қолданыста болған республикалық бағдарламаларды іске асырудың нәтижесі болды.
Бұл үдерісте 2002 жылы күшіне енген «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңның қабылдануы ерекше рөл атқарды. Бұл құжатта қандай да бір объективті себептерге (жасына, уақытша еңбекке жарамсыздығына, денсаулық жағдайына, жұмыстың болмауына және т.б.) байланысты өз тыныс – тіршілігі үшін жағдайларды қамтамасыз етуде қиындық көріп отырған табысы аз азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) көрсету көзделеді.
Елдің индустриялық дамудың жаңа кезеңіне өтуі жағдайында қолданыстағы ең төменгі әлеуметтік стандарттарды қайта қарау, АӘК күшейту, енжар көмектен өмірлік қиын жағдайды еңсеру үшін отбасылардың еңбек белсенділігі мен күш-жігерін ынталандыратын белсенді саясатқа көшу қажеттілігі қалыптасты. Осыған байланысты 2020 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің қолданыстағы жүйесі түзетілді. Негізгі бағдар еңбекке ынталандыру, табысы аз азаматтардың табыстары мен мемлекеттік қолдау мөлшерлерін есепке алуға қатысты ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету болды.
Енгізілген шараларды іске асыру кешенді жүзеге асырылады және көпбалалы аналарды қолдауды, жаңғыртылған атаулы әлеуметтік көмекті, кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы қамтиды.
АӘК көрсетудің жаңа тәсілдері мыналарды көздейді:
1) табысына қарамастан 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға отбасындағы балалардың санына байланысты сараланған мөлшерде төленетін мемлекеттік жәрдемақы. 2022 жылы 4 баласы бар отбасылар үшін жәрдемақы мөлшері 16,03 АЕК – 50 975 теңге, 5 баласы бар отбасылар үшін 20,04 АЕК – 63 727 теңге, 6 баласы бар 24,05 АЕК – 76 479 теңге, 7 баласы бар 28,06 АЕК – 89 231 теңге, 8 және одан да көп баласы бар көпбалалы отбасыларға – әр балаға 4 АЕК-тен болды.
2) АӘК көрсетудің қолданыстағы жүйесін жаңғырту:
— АӘК тоқсан сайынғы тағайындауы қайтарылды;
— еңбекке қабілетті АӘК алушыларға қойылатын талаптар күшейтілді;
— учаскелік комиссиялар институты күшейтілді.
3) оқу орны бойынша тегін тамақтануды, қалалық қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүруді, мектеп нысаны мен керек-жарақтарымен қамтамасыз етуді, мектеп жасына дейінгі балалар үшін – азық-түлік жиынтықтарымен және гигиеналық керек-жарақтармен қамтамасыз етуді көздейтін 1 жастан 18 жасқа дейінгі табысы аз отбасылар қатарындағы балалар үшін кепілдік берілген әлеуметтік топатама енгізілді.
Осы жылдың 1 қазанына АӘК 129 мың отбасына немесе 668 мың адамға тағайындалды, жалпы алғанда АӘК алушылардың 22%-ы шартсыз ақшалай көмек, 78%-ы шартты ақшалай көмек алды.
Шартты ақшалай көмек алатын еңбекке қабілетті АӘК алушылар қатарынан жұмыспен қамтылғандар және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылғандар саны 70% — ды құрайды.
2022 жылдың 1 қазанына әлеуметтік топтама алушылар саны 343 мың баланы құрады, оның ішінде азық-түлік пакетін 1 жастан 6 жасқа дейінгі 178,4 мың бала алды, «Жаппай оқыту» қоры шеңберінде 7 жастан 18 жасқа дейінгі 164,6 мың бала көмек алды.
Жалпы республика бойынша 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 43 млрд теңге төленді.
Еңбекке ынталандыруға және табысы төмен отбасылардың өмірлік қиын жағдайды еңсеруіне бағытталған енгізілген шаралар АӘК алушылар санын өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,4 есеге төмендетуге мүмкіндік берді.
«Жалпы, жаңа тәсілдер табысы аз азаматтарға көмек көрсетудің атаулылығын, ашықтығын және әділдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді және оларға еңбекке жаңа серпін береді»,-делінген хабарламада.