Қазақстанда 2005-жылдан бастап жаңа тұрғын үй саясаты жүзеге асырыла бастайды - ҚР президенті - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+18 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстанда 2005-жылдан бастап жаңа тұрғын үй саясаты жүзеге асырыла бастайды - ҚР президенті

Қазақстанда 2005-жылдан бастап жаңа тұрғын үй саясаты жүзеге асырыла бастайды - ҚР президенті

Қазақстанда 2005-жылдан бастап жаңа тұрғын үй саясаты жүзеге асырыла бастайды. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін, 19-наурызда Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы жолдауы аясында атап көрсетті, деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

  • 19 Наурыз 2004
  • 869
Фото - Caravan.kz

Президенттің айтуынша, «тұрғын үй проблемасы еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі». Өткен жылы елімізде 2 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл 2002-жылғы көрсеткіштен 30 процент артық. «Бірақ бұл қарқынның өзі бізді қанағаттандырмайды. Жыл сайын 4 млн. шаршы метр тұрғын үй салынуы тиіс»,- деді мемлекет басшысы.

Н.Назарбаевтың түсініктемесіне жүгінсек, «жаңа саясаттың басты мәні — тұрғын үй құнын арзандату, тұрғын үйге арнап несие беру мерзімін ұзарту, бастапқы жарна мен несиелендіру ставкасын азайту арқылы халықтың басым бөлігіне тұрғын үйге қол жеткізуге жағдай жасауға саяды. Бұл шаралардың барлығы да халықтың кіріс мөлшерін үздіксіз өсіруге бағытталған мемлекеттік саясаттың көлеңкесінде жүзеге асырылуы тиіс».
Қазіргі жағдаймен Қазақстанда тұрғын үй сатып алуға балама ретінде ипотекалық несие беру және тұрғын үйге арнап салым ақша жинақтау деген екі түрлі тәсіл бар. «Алайда, екі тәсілдің де қымбаттығына байланысты халықтың оған қолы жетпей отыр»,- деді президент. Жаңа тұрғын үй саясаты оларды арзандатуға және тұрғын үй құрылысын салу құнын төмендетуге бағытталады.
Президенттің хабарлауынша, ипотекалық несиені кері қайтару мерзімі қазіргі 10 жылдан 20 жылға дейін ұзартылады. Ал бастапқы жарна мөлшері тұрғын үй құнының 20 процентінен 10 процентіне дейін кемиді. Несие ставкасы 13 проценттен 10 процентке дейін азайтылмақ. Тұрғын үй сатып алатындар мен оны салатындардың шығынын арзандату үшін мелмекет бұл айырмашылықты өз мойнына алуы тиіс.
Ал тұрғын үй жинақ ақша жүйесінде бастапқы жарна мөлшері 50-ден 25 процентке дейін азайтылса, несиені қайтару мерзімі 15-тен 25 жылға дейін ұзартылады. Бұл ретте ірі қалалардағы бір шаршы метр тұрғын үйдің құны орташа есеппен қазіргі 700 доллардан 350 долларға дейін арзандайды. Осы деңгейде, немесе одан да төмен баға ұсынбаған құрылысшыларға несие де, басқа қаржы да берілмейді. Елбасының айтуынша, мамандар тұрғын үй бағасын арзандату мүмкіндігіне сенімді. «Есептей келе, осындай мүмкіндіктің бар екеніне көз жеткіздік»,- деді Н.Назарбаев. Оның пікірінше, республика аймақтарында бұл баға жоғарыда аталған көрсеткіштен де төмен болы тиіс.
Мемлекет басшысы сондай-ақ, «қайтарымсыз тұрғын үй құрылысын мемлекет салып беру идеясының күні әлі де өте қоймағанын» атап өтті. Ендігі жерде жекелеген адамдардың бөлігіне ғана болмаса, бұрынғыдай тегін тұрғын үй берілмейтінін нақтылаған Елбасы тұрғын үйге қатысты жаңа саясат осы саланы дамытып қана қоймай, басқа салалардың да өркендеуіне түрткі болатынын айтты. Құрылыс және жиһаз жасау өрістейді, жаңа 45 мың жұмыс орны ашылады. «Тұрғын үй жеке меншікке жататындықтан, адамның жеке жауапкершілігіне қамтылатын сала. Бүгінде еліміздің жалпы тұрғын үй қоры аясында жеке меншік тұрғын үй үлесі 97 процентті құрайды. Көрсеткіш бұдан әрі төмендемейді»,- деді Н.Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар