Оның айтуынша, әлеуметтік салық ставкасы салық аударымдарына сәйкес төмендетілетіндіктен, жұмыс беруші үшін қосымша ауыртпалық болмайды. Қазіргі таңда әлеуметтік салық 20 процентке тең.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізудегі басты мақсат — еңбек қабілетінен айрылу, асыраушысынан айрылу немесе жұмыстан шығып қалу тәрізді әлеуметтік қауіп-қатерлердің туындауы салдарынан құралақан қалған кірістің бір бөлігін қайтарып беруге саяды. Халықты әлеуметтік қорғау тұжырымдамасына сәйкес, әлеуметтік қорғау жүйесін одан әрі реформалаудың маңызды аспектілерінің бірі әлеуметтік қатер туындаған жағдайда үш деңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесін енгізу болып табылады.
Тұжырымдама бойынша жобасы жасалған «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заң әлеуметтік тәуекел жағдайы туындағанда қызметкерлер үшін қосымша қорғаныс жүйесін құруға бағытталады. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұмыс берушілердің әлеуметтік сақтандыру жөніндегі мемлекеттік қорға қызметкерлер үшін ай сайын аударып отыратын төлемі есебінен құралады. Аталмыш төлем мөлшері әлеуметтік аударымдарды есептеу обьектісінің 2005-жылы 1,5 , 2006-жылы 2, 2007-жылы 3 процентін құрайды.
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ның вице-президенті Марат Жәнібековтың түсініктемесіне жүгінсек, қор активтері тек әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру, қаржылық құралдарды сатып алу, артық төленген әлеуметтік төлемдерді қайтару мақсаттарында пайдаланылады.
Қор активтерінің қорғалуын қамтамасыз ету үшін заң бойынша қор активтерін кепілдікке қоюға және кәсіпкерлікпен шұғылдануға, қордың жарғылық капиталының алғашқы эмиссиясынан басқа акциялар шығаруға тыйым салатын нормалар енгізілген, деді М.Жәнібеков.
«Уақытша пайдаланылмайтын қаржыны Ұлттық банк қаржылық құралдарға жұмсайды»,- деді М.Жәнібеков. «Бірақ мұндай қаржылық құралдардың саны өте шектеулі». Қор активтерінің 50 проценттен кем емес мөлшеріндегі қаржыны мемлекеттік құнды қағаздарға, қор активтерінің 10 проценттен артық емес мөлшерін құнды қағаздары Қазақстан қор биржасының «А» категориялы тізіміне енгізілген екінші деңгейлі банктерге депозитке салуға құқық берілген.