Бұл туралы бүгін Парламенттегі мәжіліс отырысында Ұлттық экономиканың бірінші вице-министрі Руслан Даленов айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Басты жаңалық – компьютеризация. Халық өзі туралы мәліметтер ұсынатын интернет-портал жасап шығарамыз. Мұнымен қатар, сұхбат алушылар планшеттердің көмегімен санақ жүргізеді. Олар осы планшет арқылы ақпаратты бірден мәліметтер базасына енгізеді. Біріншіден, бұл жылдамдықты қамтамасыз етеді. Екіншіден, қателіктерге жол бермейді. Сондай-ақ, ақпарат жинаушы әр тұрғынның ЖСН нөмірін де тексереді. Бұл бір шетінен санаққа қатысты сұхбат алушылардың да жұмысын жеңілдетеді», — дейді Руслан Даленов.
Ал өзі туралы мәлімет ұсынбаған қазақстандықтардың үйіне арнайы адамдар жіберіледі.
«Келер жылы жүргізілгелі отырған санақтың басты ерекшелігі — цифрландыру технологияларын қолға алу. Әрине, сұхбат алушылар мәліметтерде қате кетпес үшін (интернет порталда жазылған және өздері жазып алған мәліметтерді сәйкестендіру үшін) міндетті түрде оларды салыстырып отырады», — Руслан Даленов.
Вице-министрдің айтуынша, цифрландырудың арқасында санақ жүргізуге аз ақша жұмсалады.
«Тіркелу және компьютеризациялау онлайн-процестері, алдымен, Аягөз бен Бурабайда пилоттық режимде іске қосылады. Планшеттерді, интернет-портал, форма сындыларды осылайша бір тестілеуден өткіземіз», — дейді Руслан Даленов.