Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның әйелдер қауымы өкілдерімен «Көктем шуағы» атты кездесуінде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова айтты.
«Кез келген мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі көрсеткіші — ол адамдардың өмір сүру жасының ұзаруы. Соңғы жылда бұл көрсеткіш Қазақстанда бес жылға ұзарды. Өзіңіз атап өткендей, халықтың әл-ауқатының артуының көрінісі — бұл нәрестелердің дүниеге келуі. Бұл салада да 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Бұл ел мақтанатындай жағдай», — деді министр.
Т.Дүйсенованың атап өтуінше, 2003 жылы Қазақстан жәрдемақы төлеуді бастаған кезде төрт баласы бар отбасылардың үлесі жеті пайызды құраған.
«Бүгінде 18 пайыздан асты. Қазір сіз бекіткен жәрдемақыны Қазақстан бойынша 250 мыңнан астам ана алады», — деді ол.
Сонымен қатар министр «Жұмыспен қамту» бағдарламасы өз жалғасын табатындығын атап өтті.
«Осы үш жылдың ішінде 461 мың адамды жұмысқа тартқан болсақ, соның 50 пайызы — әйелдер», — деді Т.Дүйсенова.