ҚР денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне жүгінсек, Қазақстанда 50 мың нашақор бар, олардың үштен екісі — жастар мен жасөспірімдер .
Ал БҰҰ сарапшыларының дерегі бойынша, есірткі тұтынушылардың саны ресми деректерден 10 есе артуы мүмкін. Психикалық қоздырғыш заттарды тұтына бастағандардың орташа жас мөлшері — 12-14 жасты құрайды. Әрбір есірткі тұтынушы 1 жылда кем дегенде 10 адамды теріс жолға түсіреді екен.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі Ұлттық орталықтың бастамасы , БҰҰ-ның есірткі және қылмысқа бақылау қою басқармасының қолдауымен елімізде «Балалар мен жасөспірімдердің есірткі тұтынуының алдын алудағы ата-ананың ролі» тақырыбында ақпараттық шара ұйымдастырылуда.
Шараның мақсаты — ата-ананың есірткі жөніндегі ақпараттық хабардарлығын ұлғайту болып табылады. Осы мақсатпен ата-аналарға арнап нашақорлықтың алдын алу жөніндегі ақпараттық үнпарақтар мен видеороликтер шығарылды. Бұл материалдар республика облыстарына түгелдей таратылады деп күтілуде.
Жыл сайын 26-маусымда есірткі және заңсыз есірткі айналымымен Дүниежүзілік күрес күні атап өтілетіні белгілі. Биыл БҰҰ-ның бастамасымен бұл күн «Есірткі туралы ой бөлісейік» деген ұранмен өткізілмек. Қазіргі жағдаймен дүниежүзінде тыйым салынған есірткі түрлерін тұтынатын 200 млн. адам бар, бұл- жер шары халқының 4,7 процентін құрайды.