Министр орынбасарының мәліметіне сәйкес, тәртіп сақтау мекемелерінде тіркеуде тұрғандардың арасында «бұған дейін істі болған 63 мың, ішімдікке салынғандар — 245 мың, отбасының шырқын кетіретін жаңжалқойлар, нашақорлар — 48 мың адам бар». И.Оттоның айтуынша, «еліміздегі нашақорлар саны ресми статистикадағыдан анағұрлым артық және олардың басым бөлігін жастар иемденеді».
Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, «бүгінде елімізде сот пен тергеуден бас сауғалап жүрген 3 мың қазақстандық бар, олардың 300-і кісі қанын жүктегендер». Сонымен бірге, И.Оттоның айтуынша, елімізде әрбір екінші кісі өлтіру оқиғасы мен әрбір үшінші қарақшылық шабуыл араққұмарлық пен нашақорлық салдарынан жасалады. Биылғы жылы жасөспірімдер қолымен жасалған қылмыстар саны 4,5 мыңды құрады, соның ішінде 81 кісі өлтіру, 53 адам зорлау, 800-ден астам тонаушылық және қарақшылық шабуыл оқиғалары жасөспірімдердің үлесінде.
«Еліміз бен шетелдердегі құқық қорғау тәжірибесі айғақтап бергеніндей, бұл проблемаларды шешу үшін учаске инспекторларының ықпалды институтын құру қажет»,- деді вице-министр. Сондай-ақ, И.Оттоның пайымдауынша, «елімізде мектептердегі полиция инспекторларының институтын дамыту қажет. Қазір олардың еліміздегі саны 400 адамға жетеді».