Қазақстанда адам денсаулығына қатысты жауапкершілікті мемлекет пен жеке адамның өзі тең бөлісуі тиіс - Н.Назарбаев - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстанда адам денсаулығына қатысты жауапкершілікті мемлекет пен жеке адамның өзі тең бөлісуі тиіс - Н.Назарбаев

Қазақстанда адам денсаулығына қатысты жауапкершілікті мемлекет пен жеке адамның өзі тең бөлісуі тиіс - Н.Назарбаев

Қазақстанда адам денсаулығына қатысты жауапкершілікті мемлекет пен жеке адамның өзі тең бөлісуі тиіс. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін, 19-наурызда Астанада парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы жолдауы аясында атап көрсетті, деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

  • 19 Наурыз 2004
  • 1140
Фото - Caravan.kz

Елбасының айтуынша, «мемлекет ең шектеулі стандарт аясында адам үшін кепілді әрі қайтарымсыз дәрігерлік қызметті қамтамасыз етуі тиіс. Ал бұдан асқан бөлігі, адамның қалауы бойынша, жалақы және ерікті медициналық сақтандыру, басқаша айтқанда, жеке меншік медицина есебінен қамтамасыз етілуі тиіс». Бұған қоса, мемлекеттік медицина мен жеке меншік медицина өзара ірге ажыратуы қажет. «Мемлекеттік медициналық мекемелерде қандай да болмасын жеке меншік кабинет ашуға заң жүзінде тыйым салу керек». Н.Назарбаевтың айтуынша, «жеке тәжірибеміз дәлелдеп бергеніндей, денсаулық сақтау саласын шектен тыс коммерцияландыру дәрігердің болмысын өзгертіп жіберді. Ол үшін адамның аурудан көз ашпай, алдына келе беруі тиімді болып барады».

Мемлекет басшысы «денсаулық сақтау саласында әсіресе басқару, қаржыландыру және бөлінген қаржыны тиімді пайдалану жүйелерін жетілдіру, сатып алу шарасын орталықтандырудан бас тарту тәрізді тұстарға күрделі өзгерістер енгізу қажет» деген сенімде. Сондай-ақ, дәрігерлік жәрдем көрсету жүйесін , денсаулық сақтау жүйесінің нормативтік базасын, салалық статистика және ақпараттандыру, есеп беру жүйелерін жаңалау талабы тұр.
Елбасы денсаулық сақтау жүйесінің дамуына қатысты бірқатар міндеттерді айқындады. Таяудағы бірнеше жылда «алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласына түсетін ауыртпалық артып, ауруханада жатқызып емдеуден гөрі амбулаториялық емдеуге ден қойылып, кеңестік кезеңнен дәстүрге айналған ауруханадағы төсек санын басты бағдарға айналдыру үрдісінен бас тартылуы тиіс». 2005-2007-жылдар аралығында алғашқы медициналық-санитарлық көмекке бөлінетін қаржы үлесі біршама арттырылуы тиіс, деді Н.Назарбаев.
Сондай-ақ, денсаулық сақтаудың халықаралық стандарттарына, озық технологияларға, қазіргі заманғы емдеу тәсілдері мен қызмет көрсету үрдістеріне жүйелі түрде көше бастау қажет болып отыр.
Ана мен баланың денсаулығын жақсартуға баса назар аударылуы тиіс. Мемлекет басшысы үкіметке Астанада республикалық ана мен бала орталығын салу жұмыстарын қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл орталық денсаулық сақтау жүйесіндегі сапалық нышан-белгіге, үлгі-өнеге айналатын, халықаралық стандартқа сай орталық болуы тиіс. Еліміздің барлық аймақтары ана мен бала денсаулығына баса назар аудару арқылы осындай стандартқа бағына бастайды.
Сонымен бірге, тәуелсіз дәрігерлік сараптама жүйесін құру қажеттігі туындап отыр. Ол құзырлы мекеме тарапынан тәуелсіз сарапшыларды жұмысқа тарта отырып тексерулер ұйымдастыру приципіне негізделеді.
2005-жылдан бастап денсаулық сақтау жүйесінің менеджерлерін дайындау қолға алынады. «Дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін дайындау және оларды қайталап оқыту жүйесіне күрделі өзгерістер енгізу қажет». Мемлекетіміз денсаулық сақтау жүйесіне қыруар қаржы жұмсай бастады, деп атап көрсеткен Н.Назарбаевтың айтуынша, дәрігерлер таза емдеу жұмыстарымен айналысуы тиіс, ал оларды кәсіби менеджерлер басқаратын болады. «Бөлінген қыруар қаржы қайда кетіп жатыр, олар қаншалықты тиімді пайдаланылуда» деген сауалдармен денсаулық сақтау министрлігі айналысуы тиіс, деп пайымдайды Елбасы.
Тағы бір маңызды міндет ретінде Елбасы денсаулық сақтау саласының материалдық базасын жаңалауды атады. Таяу уақыттарда денсаулық сақтау саласында 90 жаңа нысан салынып, 450-і жөндеуден өткізіледі. Осы орайда құрт ауруын емдеуге және перзентханалар салуға қатысты сұраныс толыққанды қамтамасыз етілуі тиіс.
Елбасы денсаулық сақтау саласын дамыту және оны жаңалау жөніндегі бағдарлама жобасын бір айда жасап бітіруді үкіметке тапсырды.

Соңғы жаңалықтар