Жарияланды: 450

Қазақстанда байсалды исламды дамыту тұжырымдамасы жасалады

Қазақстанда байсалды исламды дамыту тұжырымдамасы жасалады, деп мәлім етті Дін істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Лама Шариф.

«Біз Қазақстанда байсалды ислам тұжырымдамасын жасаймыз», - дедіҚ. Лама Шариф жұма күні журналистерге. Оның мәліметтеріне сәйкес, қазақстандықтардың 70% исламның сүннит ағымын ұстанады. Сондай-ақ, Қ. Лама Шариф өзі басқаратын агенттік азаматтардың діни наным-сенім бостандығы құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясат мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, діни бірлестіктер туралы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлейтінін еске салды. «Біз қазақстандық қоғамның тұрақтылығын нығайтуға және рухани ағартуға жағдай жасайтын шаралар ұйымдастырып, өткізетін боламыз. Діни экстремизмнің алдын алуға ерекше назар аударылады», - деді ол. Бұрын хабарланғандай, мамыр айында Мәдениет министрлігінің базасында дін істері жөніндегі агенттік құрылды. 7 маусымда оның басшылығына шығыстанушы және дипломат Қайрат Лама Шариф тағайындалды. Агенттікке конфессияаралық келісім, азаматтардың діни наным-сенім бостандығы құқықтарын қамтамасыз ету және діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл функциялары мен өкілеттіктері берілді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін