Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл жайлы бүгін «Қазақстандағы балалар семіздігінің таралуын зерттеу» конференциясында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының міндетін атқарушы Жанар Қалмақова мәлім етті.
«Зерттеу нәтижелерінен белгілі болғандай, балалардың 33,9% күн сайын екі және одан да көп сағатын түрлі құрылғылар экранының алдында өткізеді. Бұл көрсеткіш қалаларда – 37,2 пайызды, ауылдарда – 30 пайызды құрап отыр. Осының салдарынан бала көп қимылдамай, көзінің көру қабілеті нашарлайды. Сондықтан балалардың теледидар, телефон, компьютер немесе планшеттен түрлі мультфильм көріп, ойын ойнауларын шектеу керек», — деді ол.
Жанар Қалмақованың дерегінше, елімізде оқушылардың 77,2 пайызы мектепке жаяу немесе велосипедпен барады. Күніне 1 сағат немесе одан да көп уақыт физикалық белсенді балалардың үлесі – 86,8 пайыз.
«Мектептердің 90,8 пайызы балаларға сабақтан тыс уақытта білім ордасының ашық спорттық алаңдарында ойнауға рұқсат берген. Ал іштегі спорт залда сабақтан тыс уақытта ойнауға мектептердің 88,9 пайызы мүмкіндік беріп отыр», — деді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының міндетін атқарушы.