Депутаттың айтуынша, үкімет 2000-жылдан бері білім беру саласына арналатын қаржы көлемін ұдайы арттыра түскеніне қарамастан, республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы бәрібір аз. 2005-жылы мемлекеттік бюджеттен білім беру саласына 57,4 млрд. теңге бөлінген. Бұл 2000-жылғы бюджеттен 4 есе артық.
Бірақ депутаттың пікірінше, 1990-2003-жылдар аралығында мемлекеттің білім беру саласына бөлетін қаржысының Жалпы Ішкі Өнімге шаққандағы проценттік арақатынасы шұғыл азайды. Айталық, 1990-жылы бұл арақатынас Жалпы ішкі өнімнің 8,2 процентін, 1995-жылы 4,5 процентін, ал 2003-жылы 3,3 процентін құрады.
Мәжіліс депутатының айтуынша, қазіргі жағдаймен елімізде білім беру саласындағы барлық деңгейдегі бюджеттердің 80 процентке жуығы жалақыға жұмсалады. «Мектептерді күтімге алу, оқыту құралдары мен жабдықтарын сатып алу, мектеп ғимараттарын күрделі жөндеу және жаңасын салуға бөлінетін қаржы мардымсыз»,- деп пайымдайды В.Егоров.