Корпоративтік қор – ұлттық ауқымда білім беру жобаларын жүзеге асыратын ірі коммерциялық емес қор. Біздің міндетіміз – әр балаға сапалы білім алуға мүмкіндік беру.
Елбасы Академиясы бүгінгі таңда Qabilet, «Мың бала» олимпиадасы, «Елбасы медалі», Smart Ustaz, Birge Oqý, «Тәуелсіздік дәуірі» олимпиадасы, Kodu Game Cup сияқты жас ұрпақтың әлеуетін дамытуға бағытталған ірі білім беру бастамаларын біріктіріп, оларға жетекшілік етеді. Бұл жобалардың әрқайсысы жастармен жұмыс істеудің белгілі бір бағытқа негізделген, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Qabilet жобасы – 5 пен 17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің қабілетін диагностикалаудың әдістемесі. Оның көмегімен оқушылар өз қабілетінің деңгейін бағалауға мүмкіндік алды. Тестілеу төрт бағыт бойынша жүргізіледі: шығармашылық, сыни тұрғыдан ойлау, ынтымақтастық, қарым-қатынас. Алынған деректерді талдағаннан кейін ата-анаға, қамқоршыларға баланың жеке даму картасы беріледі.
Диагностикадан өткен жас қазақстандықтардың тестілеу туралы пікіріне назар аударсақ, «Qabilet» қызметінің болашағы зор, ең бастысы өте пайдалы бастама екенін көрсетеді.
«Мен тестілеуден өттім. Суреттерді ары қарай жалғастырып салу тапсырмасы қатты ұнады. Үйдің суретін салдым, өйткені болашақта ұлы сәулетші болғым келеді. Бала кезімнен осы мамандық туралы естіген әңгімелерден ерекше әсерге бөлендім: ағам оқудан өзімен бірге түрлі сызбалар әкелетін. Оны қалай салғанын, ойластырғанын білгім келді. Шамамен 6-7 жасымда қолыма сызғыш алып, түрлі нысандардың сұлбасын салатынмын. Бұл маған қатты ұнайтын, қызығушылығым арта түсті. Қазір мектепте сызба сабағы бар, бұрыштар туралы оқып жатырмыз. Сондықтан математика пәні маған оңай, бұл – менің ең сүйікті пәнім», — дейді жоба қатысушысы Сұлтанбек Жандос.
Жастар арасында «Мың бала» олимпиадасы өте танымал. Жоба мақсаты — жыл сайын ауыл мектептеріндегі 5-6 сынып оқушылары арасынан ең қабілетті мың баланы анықтау және оларға елдің жетекші мектептерінде білім алуға мүмкіндік беру. Жоба жүзеге асқан үш жылда оған 600 000-ға жуық бала қатысты, олардың 3000-ы жеңімпаз атанды, мыңға жуығы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерге түсті. Жобаның барлық қатысушылары табысқа жету қажырлы еңбексіз мүмкін емес екенін атап өтеді, яғни олимпиада барлық қатысушыларды білім алуға және көп еңбектенуге ынталандырады.
«Мен тыңғылықты дайындалдым, екі кезең болды. Қиын болды, бірақ онсыз бола ма? Егер олимпиада оңай болса, барлығы бірдей қатыса беретін еді. Жақсылап дайындалу керек», — деді олимпиада жеңімпазы Ельнара Қожахмет.
Ауыл балаларына сапалы, озық технологияларға негізделген цифрлық білім беруді қамтамасыз ететін «Вirge Oqý» онлайн мектебі де табысты жобалардың қатарында. Жоба «Мың бала» олимпиадасы сияқты, ауыл және қала оқушылары арасындағы білім беру мен ақпарат алудағы теңсіздікті азайтуға бағытталған. Birge oqý жобасына қатысқан оқушылар сапалы білім беру ресурстарын тегін қолданып, еліміздің жетекші педагогтарынан білім алу мүмкіндігін алды. Онлайн мектептің сабақтары бірнеше бағыт бойынша өтеді: IT-сала (GO тілі, TinkerCad-та 3D-модельдеу, Kodu Game Lab-та бағдарламалау), дизайн, мобилография, әлеуметтік медиа. Бағдарламаға қатысқандардың айтуынша, «Birge Oqý» шығармашылық ойлауды жақсы дамытады, жеке өсуге ықпал етеді, сондай-ақ балаларға бейінді олимпиадаларға дайындалуға көмектеседі. Үш жыл ішінде еліміздің барлық өңіріндегі ауыл мектептерінің 10 мыңнан астам оқушысы «Birge Oqý» платформасында өтетін сабақтарды оқыды.
Қазіргі таңда жобаға қызығушылық танытқан оқушы санын көбейту үшін сабақтар асинхронды онлайн форматқа (яғни, мұғалімнің тікелей қатысуынсыз) ауысып жатыр. Бұл ретте жас санаты кеңейтіліп, ұсынылған курстар қосымша білім беру саласын қамтиды.
Академияның «Елбасы медалі» жобасы ерекше назар аударуға лайық. Бұл жоба — 14 пен 29 жас аралығындағы белсенді, креативті және талантты жастарды кешенді дамытуға және қолдауға бағытталған жалпыұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама. Жоба жастар арасында өте танымал, күннен күнге қатысқысы келетіндердің қатары өсіп келеді. Олар дағдыларын жеті бағыт бойынша дамытады:
— Спорт және салауатты өмір салты;
— Дарын мен дағды;
— Кітап оқу;
— Ұлттық мұра;
— Еріктілік;
— Еңбек тәжірибесі;
— Туристік жорықтар.
«Елбасы медалі» бағдарламасында іріктеудің үш деңгейі бар: қола, күміс және алтын. Біріншісі алты айға созылады, екіншісі – 12, үшіншісі – 18 ай. «Елбасы медалі» иегерлерінің саны бүгінде 7000-нан асты.
«Біз алғашқы үш айда кітап оқумен, спортпен айналыстық, кейінірек «Ұлттық мұра», «Еріктілік», «Дарын мен дағды» сияқты бағыттарға қатыстық. Әр бағытта біз бұған дейін жасамаған дүниелерге назар аударамыз. Мысалы, бұрын оқымаған кітапты оқисың, кейбіреуі домбырада ойнауды үйренсе, енді бірі тамақ істей бастайды», — дейді жобаға қатысқан қола медаль иегері Динара Оралбекова.
Балаларға білім алу жолындағы кемелдікке жету үшін жоғары кәсіби мұғалімдер қажет. Елімізде олардың қатары көп болсын деген үмітпен Елбасы Академиясы Smart Ustaz жобасын іске қосты. Жоба мұғалімдердің кәсіби және сабақтас құзыреттерін қалыптастыруға және дамытуға бағытталып отыр. Олардың жеке ресурстарын дамытуға, инновациялық білім арқылы ХХІ ғасырдағы мұғалімінің негізгі құзыреттері мен дағдыларын дамытумен алға жылжуға көмектеседі. Педагогтар үшін екі білім беру бағдарламасы әзірленді: «Тиімді ойлау дағдылары және когнитивтік икемділік» және «Оқушылар мен ата-ана арасында тиімді қарым-қатынас жасау үшін әлеуметтік-эмоционалдық құзыреттіліктер мен дағдыларды дамыту». Арнайы онлайн оқыту алгоритмі жобаға қатысқандарға жеке білім алуға және олардың үлгерімін бақылауға мүмкіндік береді.
«Біз, мұғалімдер, біліктілікті арттыру курстарының барлық түрлерінен өтсек те, сыни ойлауды дамыту әдістері мен тәсілдерін, кәсіби даму, жеке өсу туралы біліміміз әлі де жеткіліксіз. Тренингтер арқасында мен бұл мәселеге басқа қырынан қарай бастадым. Инновациялық әдістерді сабақта қолданып қана қоймай, сыни ойлау дағдысын жеке өз басыңда да дамыту керек. Себебі бұл – жұмыста да, жеке өмірде де, адамдармен, туыстармен, жақын адамдарыңмен қарым-қатынаста да пайдалы болатын дағды. Кез келген білім қиын жағдайларды таразылауға және дәл бағалауға, шешімін табуға көмектеседі. Әрине, жинақтаған білімнің көмегімен оқушыларыма сыни тұрғыдан ойлаудың қажетті деңгейлерін қалыптастыруға көмектесе аламын. Сынаудың орнына талдау керек деген ой қатты ұнады», – деп атап өтті Семей қаласы №3 ЖОББМ мұғалімі Мейрамгүл Жанаспаева.
Жоғарыда айтылғандардың барлығы жүзеге асқан жобалардың бір сарасы ғана. 2022 жылы Елбасы Академиясы бірқатар жаңа бірегей жобаларды іске қосты. Мәселен, жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері арасында өткен Қазақстан жаңа тарихындағы «Тәуелсіздік дәуірі» ұлттық олимпиадасына 1428 жас қатысты. «Білім беру саласында қазір жаңа тренд – ойын элементтерін, яғни геймификацияны енгізу, – дейді Академия басшысы Асланбек Әмрин – Бізде ойынның үстел үстіндегі нұсқасы ғана емес, сонымен қатар онлайн форматы да бар. Ойын еліміздің тарихы туралы баяндап қана қоймай, стратегиялық ойлауды, логиканы дамытады, білім көкжиегін кеңейтеді. Ойын процесінің өзі өте қызықты. Басқа ойындарға таңдау болса да, оқушылар біздің ойынға қызыққанына қуаныштымыз. Бұл, ең алдымен біздің сапалы және бәсекеге қабілетті өнім жасап жатқанымызды айқындайды».
Бұл ретте «Kodu Game Cup» ойынын да атап өтуге болады. Бұл ойынның көмегімен балалар виртуалды әлемді өздері құра алады, яғни болашақта пайдалы болатын бағдарламалау дағдыларын игереді. Сондай-ақ биыл 50 адам білімін жетілдіретін Әлеуметтанушылар мектебі де жұмысын бастады.
Жақында «Елбасы Академиясы» жобалары Сингапурдағы «EdTech Asia Summit» халықаралық саммитінде ұсынылды. Бұл – оқыту мен дамытудың, инновациялар мен технологиялардың жаңа трендтеріне арналған заманауи пікірталас алаңы. Саммит бір алаңда инвесторларды, кәсіпкерлерді, корпорация басшыларын, академиялық мамандар мен ғалымдарды, консультанттар мен пікір көшбасшыларын, білім беру саласын дамытуға қатысатындардың басын қосты. Академия мамандары тиімді білім беру үдерісі үшін қажетті үздік әлемдік технологияларды зерттеп, материалдарын ұсынды.
Ал желтоқсан айының басында Астанада «Оқушылардың қабілеті мен дарындылығын диагностикалау және дамыту» атты I республикалық психологиялық форум-семинар өтті. «Елбасы Академиясы» корпоративтік қорына Еуропалық дарындарды қолдау Кеңесіне кіргенін растайтын ресми құжатты тапсыруы жиынның басты жаңалығына айналды. Сертификатты Еуропалық дарындарды қолдау кеңесінің хатшысы Чилла Фусжек тапсырды.
Елбасы Академиясы жүзеге асырған жобалар мен бастамаларды талдау арқылы, баланың әртүрлі жас кезеңінде, яғни мектеп жасынан бастап ЖОО студенті немесе жұмыс істеп жүрген кезіне дейін балалар мен жас дарындардың қабілетін анықтайтын және қолдау көрсететін көп деңгейлі жүйесі құрылды деген қорытынды жасауға болады. Осы кезеңдердің әрқайсысында Академия жобаларына қатысқандарға өз дарынын жан-жақты дамыту үшін барлық қажетті жағдай жасалады.
«Балалардың дарынын анықтау, дарындар паспортын әзірлеу – осының бәрі болашақта білім беру саласындағы саясатты қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Қазақстан дербестендірілген білім беру бағытында қозғалатынына сенімдімін, ол үшін көп дерек қажет. Бұл бағытта біз алғашқы қадамды жасап үлгердік, осы жобалардың маңыздылығын түсінетін мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Әрине, біздің кез- келген жобамыз ауылдық және қалалық мектептер арасындағы білім алшақтығын жоюға арналған», — деді директор Асланбек Әмрин.
Қазақстанда әлеуметтік бағдарланған экономикасы бар заманауи демократиялық қоғамды мәдени, жоғары білімді, рухани және кәсіби дамыған жастарсыз құру мүмкін емес. Бұл ретте дәл осы баға жетпес адами капиталға ие екенімізді түсіну маңызды: бағалау мен әлеуметтану өлшемдері елде шынымен талантты жастар көп екенін көрсетеді. Бірақ оның әлеуетін жүзеге асыру үшін оған қолдау қажет. Талантты жастарды жан-жақты қолдау мемлекеттің басты басымдықтарының бірі болғаны кездейсоқ емес. Елбасы Академиясының барлық жобалары дәл осы бағытта жұмыс істейді.
Әрине, Академияның жұмысы алдағы он жылдан кейін жемісін береді, бүгінгі жастар ертеңгі ел тізгінін ұстаған басшыға айналады. Ал олардың жетістігінің негізі болу үшін әдіснаманы, даму құралдарын қазір жасау керек. Сондықтан Елбасы Академиясы жобаларын еліміздің даму жолындағы маңызды элементі деп сенімді айтуға болады.