Жарияланды: 540

Қазақстанда дәл қазір банктердің акцияларын мемлекет сатып алатын қажеттілік байқалмайды - президент

Астана. 16 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстанда дәл қазір банктердің акцияларын мемлекет сатып алатын қажеттілік байқалмайды. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше республикалық телеарналардың басшыларына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Бүгінде әлемде болып жатқан үдерістерге қарасақ, тек Құрама Штаттары мен Еуропа елдері осыдан бір апта бұрын ғана 6 аса ірі компаниялардың акцияларын сатып алды. Бұл үдерістер жалғасуда. Исландия тура осылай жасады. Ұлыбритания да осындай қадамға барды. Демек, аталған мәселеде мемлекеттің рөлі жоғарылай түсіп келеді. Неміс қаржы министрі экономиканы жүргізудегі англо-саксон жүйесінің тиімсіздігін атап көрсетті. Яғни, бұл жүйе бойынша барлығы еркіндікке жіберіледі. Қаржы реттеліп отырмайды. Бәрі өзінен өзі жүреді. Ал дағдарыс жағдайында, жоғарыда атап көрсетілгеніндей, мемлекеттің реттеушілік рөлі жоғарылайды. Қазақ елінің де бұған келуі әбден ықтимал. Бірақ дәл қазір Отанымызда бұлай жасауға қажеттілік байқалмайды. Өйткені, біздің банктеріміз, құдайға шүкір, сыртқы қарыздарын өздері жауып, тығырықтан шығудың жолдарын қарастырып жатыр, деді Мемлекет басшысы. Бұл биыл біздің банктеріміз үшін жоғарыдағыдай қауіп жоқ деген сөз. Алайда, қажет болса мемлекет қаржылай қолдау көрсетуге де әзір. Бұл банктерге көмек емес, экономикамызға көмек. Осының нәтижесінде банктеріміз де жұмысын жалғастыра береді. Жалпы, оларды экономиканың қан тамыры десек, осы тамырларға қан жүгіртіп тұру - қажеттілік. Міне, менің тапсырмама бойынша үкімет жасаған "Қаржылық тұрақтылық туралы" заң жобасында біраз мәселе қарастырылған. Бірақ, тағы да қайталап айтайын, әзірше бізге ондай қадамдарға барудың қажеттілігі туындаған жоқ. Бұл қаржылық тұрақсыздықты болдырмау үшін шұғыл шаралар алуымыздың нәтижесінде мүмкін болды. Осының арқасында қаржы секторындағы жағдай жеткілікті түрде тұрақтылығын сақтауда. Бірақ әлемдік қаржы дағдарысы жалғасып жатқандықтан, мемлекет тарапынан қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі саясатты жүзеге асыру үдерістері жалғасуда. Қызметі банк активтерінің сапасын жақсарту мен жылжымайтын мүлік рыногын тұрақтандыруға бағытталған стрестік активтер қоры құрылуда. Қордың капиталы бюджет қаржысы есебінен 2008-2009 жылдары 1 млрд. АҚШ долларынан кем болмауы тиіс",- деді президент. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін