Қазақстандағы элита біртекті емес әрі өзара қарама-қайшы. Ол екі үлкен топтан құралады. Біріншісі, қазіргі ахуалға бейімделіп үлгерген бұрынғы партиялық номенклатура болса, екінші топты жас әрі білікті технократтар құрайды, дейді Ж.Жүнісова. Сондай-ақ, осындай «жастардың» бір бөлігі жеке басының экономикалық тауқыметтерін шешу үшін саналы түрде саяси элитамен кіріге түсуде.
Сондай-ақ, республикадағы демократияның өркен жаймауы да өзекті проблемаға айналып отыр. Басқаша айтқанда, Қазақстанда биліктің жұмыс істеуіне қажетті демократиялық процедуралар қалыптасқанымен, оны толыққанды әжетке жаратуға қоғам дайын болмай отыр. Бұған мысал ретінде Ж.Жүнісова республиканың қоғамдық және экономикалық өмірінде соттардың белсенді роль атқара алмауын атады. Бұл қоғамдағы құқықтық сананың жатағандығын айғақтайды дейді саясаттанушы. Соған сәйкес республика халқы саяси партияларды билік екеуінің ортасындағы диалогта делдал ретінде танымай отыр, деді ол.
Келесі жағынан алып қарағанда, елде жүзеге асырылып жатқан экономикалық реформалар тек экономикалық алпауыт топты ғана қалыптастырып қоймай, Ж.Жүнісованың пайымдауынша, классикалық үрдіске сәйкес өз ішінен кіші топтарға бөлшектелген орта тапты да қалыптастырды. Соның нәтижесінде республика халқының құрамында қазірдің өзінде «қандайбір жағдайда олжадан гөрі жоғалтатыны көп» тұрақты топ қалыптасты. Бұл дегеніңіз, демократиялық және саяси процесстер қайтарымсыз сипатқа ие болғанын айғақтайды.
Саясаттанушының пікірінше, Қазақстандағы демократияны нақты толыққанды мазмұнмен байыту үшін әлі де 10 жылдай уақыт керек. Осы мерзімде Кеңестік қоғамдық жүйенің тегеурінін сезінбей бұла өскен өскелең ұрпақ кемеліне келеді.